Қазақстан Түркияның зілзаладан зардап шеккен провинциясында мектеп салады

100

Фото: brusselstimes.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, Түркияның Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі екенін жеткізді.

«Президент мырза сіз қарым-қатынасты дамытуға үлкен үлес қосып келесіз. Мен оны шынымен жоғары бағалаймын. Тұрақты байланыстардың арқасында қазір көптеген келісімдеріміз сәтті жүзеге асуда. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 54 пайызға артып, 6,3 миллиард долларға жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Түркия – еліміздің төрт негізгі сауда серіктесінің бірі. Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Елімізде түрік капиталының қатысуымен 4300-ден астам компания жұмыс істейді», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ ол Режеп Тайып Ердоған мен түрік халқын Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтады. Бауырлас елдің мерейтойына орай Астанада Анадолы көшесін, Шымкентте Түркия даңғылы мен саябағын, Алматыда Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішін ашу жоспарланып жатқанын айтты.

Ердоған Тоқаевқа қонақжайлық пен құрмет үшін алғыс білдірді.

«Биыл 6 ақпанда болған жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп облысының Нұрдағы ауданында мектеп салу туралы шешім қабылдағаныңызға рахмет. Бұл мектеп түрік-қазақ бауырластығының нышандарының біріне айналатынына, болашақ ұрпақ адал болатынына сенімдімін. Қазіргі жаһандық және аймақтық жағдайда түркі әлемі тығыз ынтымақтастықты сақтауы керек. 2021 жылғы Ыстамбұл саммитінде біз трансформация процесін бастадық және ұйымымызға күшті институционалдық құрылым беру туралы шешім қабылданды. Осы уақыт ішінде маңызды қадамдар жасалды және бұл процесс жалғасуда. Ата-бабаларымыздың туған жерінде маған және менің делегацияма көрсеткен қонақжайлылық үшін ризашылығымды білдіремін», — деді ол.

Айта кетейік, Тоқаев пен Ердоған саммиттен соң кездесіп, Түркия басшысы Қазақстан президентіне TOGG түрік электромобилін сыйға тартты.https://stan.kz/kazakstan-turkiyanin-zilzaladan-zardap-shekken-provinci-390661/

Leave A Reply

Your email address will not be published.