Қазақстан Президенті Ботаникалық бақты аралап көрді

553

Мемлекет басшысы елорданың жаңа нысандарымен танысу барысында Астана қаласының сол жағалауында орналасқан Ботаникалық баққа барды.

Қазақстан Президенті «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілдерімен әңгімелесіп, бас қаланы және бүкіл Қазақстанды көгалдандыру үшін жүргізілген жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ботаникалық бақтың ортасында орналасқан оранжереяны аралап көріп, оны отандық және халықаралық мамандандырылған институттардың ғылыми әлеуетін пайдалана отырып әрі қарай дамыту қажеттігін айтты.

Таныстырылым рәсімі кезінде Мемлекет басшысы елорданың көшірілу тарихы мен жаңа астананы салудың негізгі кезеңдері жөнінде айтты.

– Астана төңірегінде орман өспейді деп үнемі айтылатын. Бірақ, бүгінде мұндағы 83 мың гектар жерге отырғызылған ағаштардың биіктігі 20-25 метрге дейін жетті. Жыл сайын орман алқабының аумағы бес мың гектарға ұлғайып келеді. Осы орманды «Шортанды-Бурабай саяжай аймағымен» қосқымыз келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президентіне Ботаникалық бақтың сәнін келтірген, жарық шашқан музыкалы субұрқақ көрсетілді. Оны «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы салды.

***

Бақ аумағында велосипед жолы, жүгіруге арналған жолақ, спорттық жабынды, жаяу жүргіншілерге арналған көпір және жасанды су қоймасы бар. Көгалдандыру аумағының жалпы көлемі 613 мың шаршы метрден асады. Мұнда  Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдерінен әкелінген алуан түрлі бұталы өсімдіктер мен ағаштар бар.

akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.