Қазақстан халықаралық аренада «орта держава» ретінде танылды.
«Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдауды барынша күшейтті. Былтыр күзде 27 миллион тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым баса назар аударылады. Тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жетістік. 2019 жылдан бері елімізде 250-ден астам жатақхана салынды. Соның нәтижесінде орын тапшылығы 6 есе қысқарды. Студенттер саны ұдайы көбейіп, жоғары оқу орындарында 624 мың азамат білім алып жатқанына қарамастан, осыған қол жеткізе алдық. Еліміздің 90 мыңнан астам азаматы шетелде оқиды. Бұл біздің қоғамның ашықтығын көрсетеді. Азаматтарымыз демалу үшін шетелге жиі шығатын болды. Біздің көк төлқұжатымыз әлемдегі 92 мемлекеттің аумағына визасыз емін-еркін кіруге мүмкіндік береді. Қазақстан – халықаралық аренада зор құрметке ие мемлекет, біздің елімізді «орта держава» деп атайтын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы қарар қабылдады. Осы шешім еліміздің әлемдегі ықпалы мен беделі зор екенін аңғартады» – деді Президент.
istockphoto.com
https://turkystan.kz/article/257255-kazakstan-khalykaralyk-arenada-zor-ku-rmetke-ie-memleket