ҚАЗАҚПЫН ДЕП АЙТПАЙ — АҚ ҚОЙ, БАУЫРЫМ !

91
Аттың басын ауыл жаққа бұрмасаң,
Ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң,
Ағайынның адал малын ұрласаң –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым…
Туған елдің жел жағында жүрмесең,
Туралықтың таза жолын кірлесең.
Туырлықты киіз үйге кірмесең —
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Талпынбасаң табан тіреп қиынға,
Тамақ пенен тиын тұрса миында.
Таба алмасаң тапқыр сөзді жиында —
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Арақпенен ақылыңды уласаң,
Арғы асыл тегіңе тартып тумасаң.
Арыз қусаң, ата жолын қумасаң —
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Қызың кессе желкілдеген тұлымды,
Ұлың өссе, бұрқыратып шылымды.
Айырмаса қодық пенен құлынды,
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Аталы сөзді құлағыңа ілмесең.
Ана тілін менсінбесең, тілдесең,
Абайдың бір жырын жатқа білмесең —
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Салмақ салмай намыс пенен санаға,
Салсаң сайран қарамай жас балаға.
Сағыз шайнап сандалсаң сен қалада —
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Тыңдағанда әсем әнін Шәмшінің,
Тәттімбеттің тәтті мұңын — жан сырын
Жүрегіңде тұнбаса егер тамшы мұң —
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым
Қиындықпен арпалысып ауылың,
Қайыршы боп қаңғып жүрсе бауырың,
Сұлулардың сипағанмен сауырын,
Машинаның мінгеніңмен тәуірін –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!
Авторы : Нарша Қашағанұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.