ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТПЕН КӘСІБІН БАСТАҒАНДАР

107
Соңғы жылдары кәсіп ашып, нәсібін көрсем дейтін азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қолынан келген істі табыс көзіне айналдыруды мақсат еткен жаңатастықтар да қайтарымсыз грант алуда. Әрине, грант екінің біріне беріле бермейді. Бағдарламаға негізінен әлеуметтік осал топтағы азаматтар, көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар тартылады. Қайтарымсыз грант алуға өтініш білдіргендердің ішінде түрлі бағыттағы идеясын жүзеге асыруды ойластырғандар да баршылық.
Жаңатас қаласының тұрғыны, Сағымбаева Жамиля Берікқызы бет, тырнақ әрлеу қызметін көрсетумен айналысуда. Жас кәсіп иесі Жамилия Берікқызы мемлекеттік қолдауға ие болып, 1380000 тенге қайтарымсыз грант алған. Қазіргі таңда тапсырысы мен табысы көп кәсіпке құлшына кіріскен.
Жаңатастық Кеңес Нұрдина Маратқызы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарынан болатын. Қайтарымсыз грант алған ол, кілем жуу қызметін көрсетеді. «Тұрғындардан кілем жууға деген сұраныс жоғары. Кілемнің сапасын, түр-түсін сақтап қалу үшін сапалы сусабындарды пайдаланамын. Әр тұтынушының қажетін қанағаттандыру мақсатында жауапкершілікпен, белсенді жұмыс жасаудамын»,-дейді жас кәсіпкер.
Ал, мемлекеттік қолдауға ие болған жаңатастық көп балалы ана Сайлова Перизат Мұратқызы тігіншілікпен айналысуда. Шағын тігін цехын ашқан. Алған қаржыға тігін машинасын, қажетті құралдар алған. Тұрғындардан сұраныстарына қарай тапсырыстар қабылдайды. Киім қысқарту, киімге өзгерістер енгізу, көрпеше т.б бұйымдарды тігумен айналысып отыр.
Сондай-ақ, жаңатастық Ғали Айдана Ерболатқызы да қайтарымсыз грант қаражатына ие болған көп балалы ананың бірі. Қолдан түрлі бұйымдар тігеді. Қол жеткізген қаржыға кәсібіне қажетті маталар жиынтығын, жіптер, тігін машинасын сатып алған. Дастарханның үстінде тұратын сәнді салфеткалар, орамалдар тігумен, киімдерге түрлі бейнелер салу және өзге де қолөнер бұйымдарын тігумен айналысуда.
Биогумусты табыс көзіне айналдыруды көздеген Жаңатас қаласының тұрғыны, көп балалы отбасының мүшесі Еркебұлан Топжарғанов қайтарымсыз грант алып, жауынқұрт өсіріп, биогумус (қара топырақ) өндіру кәсібін дамытып отыр. Қаражатты қолға алған соң жауынқұрт, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған ол, жауынқұрттар арқылы көңді өңдеп тыңайтқыштар дайындауда. Кәсіпкер жердің құнарлылығын арттыратын тыңайтқыштарды көптеп өндіру үшін кәсібін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.