Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

115

Мемлекет басшысының әр 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында жыл басынан бері 15,6 мың жұмыс орны құрылып, жоспар (13,5 мың) артығымен орындалған. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте кеңінен айтылды.

Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері 58,3 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның 25,8 мыңы жастар. Сондай-ақ жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылған 58,3 мың жұмыс орнының 42,4 мыңы тұрақты екен.
Басқарма басшысы облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 14 749 адам орналасқанын да атап өтті.
– Халықты жұмыспен қамту мәселелері 2022 жылдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Осы орайда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54,2 мың адам тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан жоспар 92,7 пайызға орындалып, 50,2 мың адам белсенді шараларға тартылды. Есепті кезеңде 37,4 мың адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 82,6 пайызға орындалды. Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа 23,1 мың адам тұрғызылды, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.
Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға 1 054 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 454,5 миллион теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант беру қарастырылған. Бүгінге дейін облыс бойынша 784 адам жалпы көлемі 1 081,6 миллион теңгенің грантына ие болды. Еңбек министрлігі тарапынан қосымша 100 адамға бөлінген 500 миллион теңге – конкурстық комиссияның қарауында. Сонымен қатар жалпы құны 546,6 миллион теңгені құрайтын 114 жоба комиссия қарауына жолданған.
Облыс әкімі ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқандарға міндетті зейнетақы жарналарын аудару көрсеткішінің төмендігін сынға алып, нақты міндеттер жүктеді.
Аймақ басшысы бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды. Қайтарымсыз гранттар бөлуде комиссияның жұмысында ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, тұрғындарға жан-жақты ақпарат беру керектігін баса айтты.
– Қайтарымсыз грант қаржысының мақсатты түрде жұмсалуы бақылауда болуға тиіс. Бұл тұрғыда комиссияның жұмысын қайта қарау маңызды. Сондықтан бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін қайтарымсыз гранттарды бөлу процесін тікелей эфир арқылы жүргізу қажет, – деген Ербол Шырақпайұлы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

Еркін САЙЫН, Жамбыл Тараз

Leave A Reply

Your email address will not be published.