Кәсіпкер Анар Сағынтайқызы Құрмет грамотасымен марапатталды

1 136

Жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанованың бүгінгі ісі көпке үлгі. Бұл дүниеге екі қолсыз келген ол қыз жасауын тігіп, көпке іскерлігімен, батылдығымен және өжеттілігімен танылып отыр. Осыдан 4 жыл бұрын Анар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін цехын ашқан болатын. Содан бері елден тапсырыс алып қыз жасауын тігуде. Оның айтуынша, қазіргі таңда тапсырыс берушілер өте көп екен. Өткен екі аптада 9-ыз қыз жасауын тігіп беріпті. Өңірімізге іссапармен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова келгенде Анар ол кісінің қабылдауында болып, тігін цехын үлкейткісі келетіндігін, мүгедектігіне байланысты екінші деңгейлі банктерден несие ала алмай жүргенін айтып, несие алуға көмектесуін сұрағаны есте. Таң қаларлығы – аяғымен тігін тігіп, кәсіппен айналысып, өзін де, қыздарын да асырап отырған оның бұл қайсарлығы Г.Әбдіқалықованы ғана емес, өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың да бей жай қалдырмаған.

Сонда облыс әкімі Анарға көмек беруге уәдеп берген болатын. Ол несиеге Анардың қол жеткізгенін өңірімізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарымен келіп, «Arai Plaza» бизнес орталығында облыстың зиялы қауым, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен өткізген кездесуінде білген едік. Сол жиында сөз алған Анар Бексұлтанова: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен бұл дүниеге екі қолсыз келдім. Бірақ бұл маған жоғары оқу орнын аяқтауыма, 20 жыл облыстық музейде жұмыс істеуіме, екі қыз тәрбиелеуіме, жеке кәсіпкерлікті қосымша алып жүруіме еш кедергі келтірген жоқ. Бүгінде жұмыс істеймін деген азаматтарға екі қолға бір күрек табылады. Мен аяғыммен іс тігемін. Сурет те саламын. Көрмелерге де қатысамын. Үй шаруасымен де айналысамын. Үйімнің бір бөлмесінен тігін цехын аштым. Сол жерде қыз жасауын тігіп отырмын. Осы ісімді бастағанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеті тігін машинасын алдым. Төрт әйелді жұмыспен қамтыдым. Жақында осы ісімді кеңейту үшін екінші денгейлі банктен тағы да 3 миллион теңге несие алып отырмын. Мұның барлығы еліміздің әлеуметтік саясаты, сол саясатты қалыптастырған Елбасымыздың қамқорлығының арқасы деп білемін», деген еді. Міне, біз барғанда содан бері ауласында біраз шаруаны атқарғаны көрдік. Жаңа ашқалы отырған тігін цехының жұмысы аяқталуға таяпты. Бірер күнде тігін станоктарын орнатуды бастамақ. Осы бір тағдырдың басқа салғанына қарсы тұрып, кәсіп ашып, өзгелерге жұмыс беріп отырған кәсіпкерге Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінен Құрмет грамотасы келіпті. Оны бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров «Жасау Тараз» жеке кәсіпкерлігінің иесі Анар Сағынтайқызына арнайы үйіне келіп тапсырды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Н.Календеров Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың Құрмет грамотасын оқып, марапат иесіне табыс еткен болатын. Онда: «Құрметті Анар Сағынайқызы! Сізді, еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, абыройлы жұмысыңызбен көпшіліктің құрметіне бөленген үлгі тұтар жансыз. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ашқан кәсібіңіз өңір экономикасының өсуіне баға жетпес үлес қосуда. Жұмыспен қамту кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы ол – кәсіпкерлік. Өзіңізді жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс орнын бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз! Жасап жатқан кәсібіңіз игі істер әкеліп, жаңа мүмкіндіктер ашсын! Алға қойған мақсат-міндеттеріңіз, үлкен жоспарларыңыз орындалсын. Еліміздегі мәні зор, маңызы айрықша мерекелердің қатары – Елордамыздың туған күні қарсаңында, Сізге еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе қажымас қайрат, бақ береке, табыс пен сәттілік тілейміз!» делінген ол хатта. Анар өзінің аз ғана уақытта еңбегі еленіп, осындай марапатқа ие болып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Осыдан кейін ол құрылысы жүріп жатқан тігін цехының жұмысымен, алдағы  жоспарларымен бөліскен еді.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров кәсіпкерге алдағы уақытта да  мемлекет тарапынан, облыс басшылығы тарапынан жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолдаулар болатындығын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.