Жазасын өтеушілердің туған-туыстарына түзеу мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды өткізуге талпынғандар заң алдында жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ескертілсе де, олардың түрлі қитұрқы әрекеттерге баруы толастамай тұр.
Дәл осындай жағдай Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде орын алды. Шымкенттік азаматша қасиетті Рамазан айын сылтауратып, сәлемдеме арқылы ерекше режимдегі мекеме аумағына рұқсат етілмеген заттарды өткізуге тырысқан. Мекеме қызметкерлері сотталғанның біріне келген сәлем-сауқатты жіті тексеру барысында «Финики» қорабындағы құрма ішіне жасырылған заңсыз заттарды анықтады.
Атап айтқанда, қораптағы 16 дана құрма сүйектерінің орнына фольгаға оратылған жасыл түсті өсімдік тәріздес жасырылғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, 3 дана құрмадан 3 микро флэшка, 1 дана құрмадан 1 дана USB шнур табылды.
Қазіргі таңда оқиға орнына Тараз қалалық 1-ші полиция басқармасының жедел тергеу тобы шақыртылып, сот –химиялық сараптама тағайындалды.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі