Кәріз жүйесі кәрі құрлыққа Ұлы Даладан барған ба?

684

Көне тарих тереңіне бүгінгі күннің кемерінен көз жүгірткен сайын қызық пен құпияға толы дерекке қанығасың. Және осы құнды дәйектердің астарында Ұлы Дала төсінде атойлап өткен бабаларымыздың ізі жатқанына сүйсінесің. Тіптен тереңдей бастағанда, қазіргі әлем өркениетінің бастауында тұрған тұрмыс пен тіршілік нышандарының сипатын табасың. Діттеп келгенде біз көшпенділер тарихына қатысты деректерге әлі де толықтай қанық емес екенбіз деген тұжырымға тоқтайсың…

Әдетте біз кітаптан оқып келген жазба тарихта отырықшылық мәдениетіне тән тұрмыс нышандарының түпкі ізін Еуропаға апарып тірейтіні рас. Мұ­ның астарында дала мәдениетін жоқ­қа шығару жатпаса да, көшпенділер тір­шілігіне деген кемсітушілік көзқа­расының аңғарылатыны анық. Бірақ біз қоғамдық сана мен тұтас адамзат мәдениетінің дамуына ықпал ете­тін дала өркениетінің ғылым мен бі­лім­ге қатысты жарқын мысалын былай қойғанда, қарапайым тұрмыстық қажеттілік үшін қолданылатын озық әдістердің әуелгі үлгісі табанымыздың астындағы топырақ үйінділеріне көміліп жатқанын енді ғана мойындай бастағандаймыз. Мәселен, отырықшы мәдениет кейінгі кезеңдерде ғана қол жеткізген қала құрылысының жетіс­тігі қазақ даласындағы ежелгі елді мекендердің орнын аршу барысында көптеп кездесуде. Иә біз қазіргі тілде инфрақұрылым атап жүрген үрдіс ежелгі қалаларда осыдан ғасырлар бұрын қолданыста болғанына дәлел жеткілікті.

Мысалға, Ұлы Дала төсіндегі кенттер мен қалаларда орталықтандырылған су жүйесі мен ағынды су жинайтын кәріз жүйесі жұмыс істеген дегенге сенесіз бе? Мұның ар жағында Еуропаға кейінгі дәуірде ғана жеткен, оның өзінде шығыс мәдениетінен ауысқан бу хауыздары мен хамам-моншалар құрылысы, тіпті жеке әжетханалардың қызметі әуелгіде көшпенділер әулетінен басталғандығын ұғыну керек. Бұл – бабаларымыздың жеке тазалық пен гигиена талаптарын сақтауда бұзыл­мас қағида ұстанғандығымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мен сақтау дәстүріне берік екендігін де айғақтайды.  Мысалға оралайық. Алысқа бармай-ақ, өзіміз көзімізбен көрген бір-екі қазба жұмысы жүріп жатқан ежелгі өркениет ошақтарының маңынан сөзімізге дәлел іздейік. Біз бұған дейін де Жетісу жерінде 5 тарихи нысанға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқанбыз. Солардың қатарында Сар­қан ауданындағы көне Қойлық қалашы­ғының орны бар. Бұл қазба орны ЮНЕСКО пәрменімен «Дүние жүзінің мәдени мұрасы» тізіміне енген тарихи нысанның бірі. Осы Қойлық қаласының орнын аршу жұмыстары кезінде біз жоғарыда сөз еткен қала құрылысының озық үлгілері қолмен қойғандай айқындалып, нақты дәлелмен анықталып жатыр. Мәселен, қаланың сумен жабдықтайтын құбыр жүйесі сақ­талған. Құбырлар дерлік қыштан жасалған екен. Тіпті кейбір қазба орындарын аршу барысында мұндай қыш құ­бырлармен ыстық су жүруі мүмкін деген де болжам айтылуда. Шығыс моншасы, түрік хамамы сияқты орындар да табылған. Қала ішінде коммуникация желісі де болғанына айғақ бар. Терең кө­міл­ген топырақ астынан шыққан қыш құбырлар ғимараттарға су жеткізу жү­йесінің дамығанынан хабар берсе керек.

Мұнан бөлек, Жетісудағы Қойлық қалашығын осыдан 7 ғасыр бұрынғы ежелгі қала мәдениетінің үлгісі ретінде ғана емес, сауда-экономикалық қатынас нүктесі мен саяси, дінаралық диалог алаңы ретінде қарастыруымыз керек. Мәселен, сол тұста Жетісу алабында будда, христиан және ислам діндері өркениетінің қатар дамығанына дәлел жеткілікті. Аршылған топырақ астынан мешіт, шіркеу, храм қалдықтарын көзбен көруге болады. Бұл туралы Франция королі IX Людовиктің елшісі, саяхатшы Вильгельм де Рубруктің жазбаларында айтылады.

Алматы облысында қазба жұмысы жүріп жатқан тағы бір көне орын – Жаркент қаласы маңындағы Ілебалық қалашығы. Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен сарайларының қызметін атқарып, сауда мен мәдениет ошағы болған шағын қалалардың дәл осы Іле өзені аңғарында ғасырлар бойы тіршілік еткені анық. Қазіргі Ақкент, Түргенкент, Басқұншы ауылдарының маңындағы обалардан жиі табылатын ежелгі дәуір жәдігерлері мен Қойбын шатқалы, Шолақсу жотасы аңғарындағы балбал тастар тарихи сырды бүгіп жатқандай. Осы маңның тұрғындары арагідік көне тиындар мен басқа да тұрмыстық заттарды тауып алып жүреді екен.

Тіпті Шоқан Уәлихановтың Қаш­қарға сапары барысында қазіргі Үш­арал ауылының маңында көне қорым­дарға арнайы барып, Ілебалық, Ақкент қалашықтары туралы жергілікті халықтан мәлімет жинағаны жайлы жазба деректері бар. Қазір осы Шоқан тәу еткен Ілебалық қорымында қазба жұмыстары жүріп жатыр.

– Ілебалық қорымы – ХІІІ ғасырға жататын ежелгі қаланың орны. Қазба барысында біз өте қызықты дерек таптық. Қазір табылған жәдігерді толықтай аршыдық. Сызбаны қалыпқа келтіру барысында бұл ежелгі моншаның орны деген тұжырымға келдік. Бір ғажабы, қазылған жерден жүздеген жыл бойы топырақ астында жатқан қыш құбырлар шықты. Олар бүлінбеген, зерттеу жұмыстарына жарамды. Біздің болжам бойынша бұл жерде ау­қатты адамның жеке моншасы болған­ға ұқсайды. Құрылыстың дәлдікпен есеп­теліп салынып, дерліктей сақталуына қарағанда әуелгіде өте ұқыпты­лық­пен қаланған әрі су жүйесі де өте ше­бер­лікпен жүргізілген. Тіпті жер астынан сарқынды су ағып кететін кәріз жүйесіне дейін сақталыпты, – дейді қазба жұмысына жетекшілік етіп жүрген археолог Әли Серәлиев.

Демек, бір ғана Жетісу өлкесіндегі 2 қазба жұмысының нәтижесінде осыдан он ғасырға жуық уақыт бұрын қолданыста болған өркениет белгісі, оның ішінде қала құрылысына қатысты қаншама сенсациялық деректер табылып отыр. Бұл біз жоғарыда сөз еткен отырықшылық мәдениетінің Ұлы Дала өркениетінің алдындағы борышы туралы дәйектерді растай түседі…

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.