Қаражатты қайтаратын құжат жоқ

122

Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін елден заңсыз шығарылған қаражат, активтерді мемлекетке қайтару туралы мәселе көтерілді. Арнайы жұмыс тобы да құрылды. Сол кезде Президент Үкіметке 2023 жылғы 31 наурызға дейін арнайы заң жобасын дайындауды тапсырған болатын.

Дегенмен аса сенімділікпен басталған баста­ма­ның аяғы сұйылып кетті. Белгіленген уақыттан ай асып барады, заң жобасы туралы әлі ешқандай сөз қозғалмады, қазір атқарылып жатқан жұмыстар тура­­лы да ақпарат жоқ. Мұның бәрі елдің күдігін көбейтті. Құрамында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері бар бір топ депутат Мәжілістің пле­­нарлық отырысында осы мәселені көтерді.

Қаңтар оқиғасынан кейін елімізден заңсыз шығарылған ақшалардың бары, ол қаражаттың аз емес екені биік мінберлерде ресми түрде айтыла бастаған еді.

Тіпті, Ұлыбритания парламентінде Қа­зақстандағы жемқорлыққа арналған пікірталас та өтті. Ұлыбритания парламентіне 1994 жылдан бері мүше Маргарет Ходж санкция салынуға тиіс 28 адамның атын атады. Депутат біздің еліміздегі жемқорлықтың етек алуына Ұлыбританияның да үлесі бар екенін, заңсыз ақша осы елден де табылатынын айтқан болатын.

Президент ел байлығының 55 пайызы бар болғаны 162 адамға тиесілі деген ақпаратты алға тартып, шетелге заңсыз шығып кеткен қаражатты қайтару туралы Үкі­метке нақты тапсырма берді.

Сөйтіп, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 маусымдағы Қаулысымен елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару мақ­сатында ведомствоаралық комиссия құрылып, оның төрағасы болып Бас Прокурор бекітілген болатын.

Ал 2022 жылдың 26 қарашасында Пре­зидент «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» Қаулыға қол қойған еді.

Қаулыға сәйкес Үкімет Бас прокуратура, Ұлттық Банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Қаржы мониторингі агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп 2023 жылғы 31 наурызға дейін нақты заң жобасын әзірлеуі керек болған.

Бас Прокурор заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жеке бөлімше құру жөнінде ұсыныс енгізу, ал Үкімет Бас прокуратурамен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару үшін шет елдермен және халықаралық ұйымдармен бірігіп жұмыс істеу туралы тапсырма алған еді.

Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарына заңсыз шығарылған ак­тивтерді қайтаруға маманданатын бөлімшелерді анықтау тапсырылып, осы қаулының орындалуын бақылау – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелген болатын.

Нақтырақ айтқанда, заңмен реттелетін құқық қатынастарының субъектілерін, заң­сыз шығарылған активтердің қалай шық­қанын анықтап, оларды қайтару тетіктерін регламенттеу міндеттелді. Заңсыз шы­ғарылған активтерді қайтару процесі барынша ашық болуы да тапсырылды. Өз еркімен қайтаруға ықпал ету, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жою, активтерді қайтару мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші орган құру туралы тапсырма берілді. Одан бөлек, Үкімет қайтқан қаражатты жинақтайтын және басқаратын арнайы мемлекеттік қор құру туралы заң жобасын әзірлеп Парламент Мәжілісінің қарауына тапсыруы керек болатын.

Бірақ депутаттардың алдына заң жобасы әлі келмеген. Жалпы, активтерді қайта қайтару туралы мәселе алғаш көтерілген кез­ден бастап олардың қайтатынына сенетіндер аз болғаны рас. Сарапшылар да бұған үлкен еңбек, мол қажыр-қайрат, ұзақ уақыт керек екенін, тіпті қайту-қайтпауы да екіталай деген пікірде болды. Сол кезде Үкімет нендей ұсыныстар айтады, қан­дай бастама көтереді, оны уақыт көрсетеді деп түйіндеген едік.

Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы туралы ақпарат өте аз. Қайтарылып жатқан қаражат туралы ресми органдардың берген жалпы мәліметтері ғана бар. Оның белгілі бір бөлігі мектеп салуға жұмсалатынын газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Бірақ аталған мәліметтерде айтылған цифрлар шетелге шығарылды деген ак­тивтердің жанында тиын-тебен ғана. Оған қоса әр ресми мекеме әртүрлі ақпарат береді.

Осы мәселені депутаттар Мәжілістің пле­нарлық отырысында көтерді. Алдағы ап­тада өткен отырыста депутат Айгүл Құс­пан қаражатты қайтару жұмыстарына қатысты Премьер-Министр мен Бас Про­курорға нақты сауал жолдады.

– Мемлекет Басшысы қол қойған Қаулыда тікелей көрсетіліп тұрса да, осы күнге дейін құрылған арнайы комиссия жұмысы қоғамға ашық деп айтуға келмейді. Бұқаралық ақпарат құралдарын шолып шыққандағы байқағаным – арнайы комиссияның құрылған кезде және өткен жылдың қараша айында жасаған ресми мәлімдемесінен бас­қа көзге ештеңе түсе қойған жоқ. Биылғы, 2023 жылғы қызметі туралы ешқандай ақ­паратты өз басым таба алмадым.

Егер жоғарыда көрсетілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы қо­ғам және сол қоғамның осы жерде отыр­ған заңды өкілдері ретінде біздер – депутаттар хабарсыз болатын болсақ, онда күні ертең активтерді қайтарумен байланысты алдымызға түсетін заң жобасын қалай, қайтіп қабылдамақпыз?! – деді депутат жолдаған сауалында.

Осыған байланысты Айгүл Құспан Парламент Мәжілісінің келесі кезекті жалпы отырысына Бас Прокурор қатысып, актив­тер­ді қайтаруға бағытталған арнайы комиссияның осы кезге дейін атқарған қызметі туралы депутаттардың сұрақтарына жауап беруін сұрады.

Ал осы аптадағы жиында бір топ депутат мәселені тағы бір көтеріп, нәтиже бол­майын­ша осы істі нақты бақылауға алатындарын мәлімдеді.

Биліктің уәдесіне сенген халық актив­терді қайтару процесінде биліктен жылдам, әрі батыл қадамдар күтіп отырғанын айт­қан депутат Ермұрат Бапи арнайы комиссияның ешбір нақты әрекеті байқалмайтынын айтты. Депутаттық сауалды депутаттар Абзал Құспан, Ринат Зайытов, Жанарбек Әшімжан және Қазыбек Иса қолдады. Депутаттардың сөзінше, бірен-саран жұмыс жүргізіліп жатса да, бұл азаматтардан құпия түрде жүргізіліп жатыр.

– Ескі кадрлардың саботажы ма, жоқ әл­де ұлттық-экономикалық мүддеге қарсы жасалып отырған қастандық па – капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп, – деп айтылды сауалда.

Яғни, заң жобасын былай қойғанда, процестің ашық жүргізілуі туралы тапсырма орындалып жатқан жоқ.

Одан бөлек, депутаттар Латвия құқық қорғау органдары Қазақстанның жекелеген азаматтары салықтан жалтарып, Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерінің есебінен Прибалтика аумағында мүлік сатып алып жатыр деп күдіктеніп отыр­ға­нын айтты. Олар осы сауда-саттықты біле тұра, активтерді «мұздатып» қоюға еліміздегі жауапты органдар неге әрекет жасамады деген сұрақ мазалайтынын жеткізді.

Оған қоса, депутаттардың пікірінше, активтерді қайтару процесіне кедергі келтіріп жатқандар да болуы мүмкін.

– Осыған байланысты Үкімет не істемек, тиісті тергеу органдарын жұмылдырып, Jusan bank олжалаған ақшаның ізіне түсе ме, жоқ әлде тағы да көзжұмбайлыққа салына ма? Бас прокуратура мен, атап айтқанда, комиссия төрағасының орынбасары Ұлан Байжанов мырза бұл процесті бақылауға ала ма? Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебіміз – ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бү­гінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді, – деп айтылды сауалда.

Жалпы, депутаттардың қойып отырған талабы заң жобасын әзірлеу төңірегінде болып отыр. Олар ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырғандарын айтады. Осы заңның арқасында олар капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға ала алатындарына сенімді.

Депутаттар Премьер-Министр Әлихан Смайыловтан Президент Тоқаев наурыздың 31-іне дейін дайын болсын деп Үкіметке тапсырған заң жобасын дайындау ісі созылып кеткенін түсіндіруді сұрады.

Одан бөлек, «Қазақмыс» компаниясы қа­зақ халқына тиесілі қазба байлықтың 30 пайы­зына қалай ие болды? Сол сияқты, «Еуразиялық топ» халықтық байлықтың 40 пайызын қалай иемденіп кетті? Аталған осы екі компания соңғы он жыл көлемінде қа­­зынаға қанша салық төледі? Осы кәсіпорындардың өндірістік-қаржылық қызметін қадағалауы тиіс «Самұрық-Қазына» Ұлт­тық қоры капиталды қайтару тақырыбында қандай әрекеттер жасап жатыр?» деген нақты сұрақтар қойылды.

Депутаттық сауалдан басқа нақты қан­дай шаралар жоспарланып отырғанын, жалпы мәселені кеңірек талқылау үшін сауалды қолдаған депутаттардың бірі Жанарбек Әшімжанның пікірін білген
едік.

 Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты,

«AMANAT» фракциясының мүшесі:

     Миллиардтаған қаржының есебін алып қарасаңыз, адамның аза бойын қаза қылатын цифрлар бар

–Сыртқа кеткен капиталды қайтару бойынша Президент тапсырмасы орындалуы керек еді. Өткен жолы комитет отырысында осы сұрақты Үкіметке қойғанбыз. Ауызша қойдық. Оның алдында осы мәселеге қатысты депутаттық сауалды Абзал Құспан әріптесіміз жолдаған болатын. Сұрақтарымызға толыққанды жауап ала алмағандықтан, осы жолы ақылдаса келе, нақты жазбаша түрде тағы да сұрау салып отырмыз. Себебі Президенттің тапсырмасы нақты орындалмай жатыр, елдің алдында қайтарамыз деп уәде берілді, халықтың сенімі күн өткен сайын сетінеп барады.

Үлкен қаржы топтары, үлкен корпорациялар, әлі күнге дейін істі болып жатқан азаматтардың қаржысына қатысты күмәнді сауалдар көп. Оған тиісті деңгейде көзге көрінбейтін, көлеңкелі топтар көмектесіп жатқан секілді. Тиісті құзыретті органдардың тарапынан қадағалау болмай жатқандай әсер қалдырады. Күнделікті түрлі хаттар, сұрақтар келіп жатыр, соған нақты жауап алу үшін сауал жолдадық. Тиісті заңнамада көрсетілген уақыт ішінде, 10-15 күн ішінде жауап ала аламыз деп ойлаймын.

Бірақ, шынын айтқанда, көзге көрінбейтін кедергілер бар секілді. Бағана депутаттық сауалда аты аталған олар тек мысал ретінде ғана айтылды. Ал қаншама істі болып жатқан, айып тағылмаса да, төңірегінде күдік-күмән көп қаншама қаржылық топтардың, жекелеген адамдардың аттары аталып жатады. Осының барлығына тиісті деңгейде жауап берілуі керек деп ойлаймын. Халықтың талап-тілегі орынды. Шегіне де келіп болды.

Өздеріңіз де байқап, біліп отырсыздар, қымбатшылық, экономиканың құлдырауы, инфляцияның көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мұның бәрі елдің жүйкесіне тиеді. Сондықтан бастама жедел жүзеге асуы керек деп есептейміз. Өткен шақырылымнан қалған сұрақтар бар. Қаңтар оқиғасынан кейін Үкіметке бірқатар сұрақ қойғанбыз, дегенмен, соларға әлі күнге дейін толыққанды жауап ала алмай жатырмыз. Үкімет уақытты созып келе жатыр. Жақын арада халықпен кездесуге, өңір-өңірлерге барамыз. Сондықтан бір топ депутат бірігіп осы сауалдарды жолдадық.

Жалпы, бастаманы популистік қадам деп бағаламау керек. Нақты тапсырма берілді. Президент Жолдауда бір емес, екі мәрте айтты. Бірақ, соны орындауға белгілі бір кедергілер мүмкіндік көрсетеді.

Вице-премьер Ерұлан Жамаубаев мырза қайтарылды деп айтқан 650 миллиард қаржы сыртқа кеткен капиталдың ширегіне де жетпейді. Бір түйірі ғана. Құрылған комиссияның да еңбегін жоққа шығармаймын, кейбіреулері келісімге келіп капиталды қайтарып, тиісті деңгейде келісімдер арқылы жүзеге асып жатыр. Дегенмен қаншама миллиардтаған қаржының есебін алып қарасаңыз, адамның аза бойын қаза қылатын цифрлар бар.

Шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару өте ұзаққа созылады деп ойламаймын, бірақ қанша жылға созылса да, ең алдымен заңнама керек, заңнама негізіндегі белгілі бір қайтару механизмдері болуы керек. Қазір нақты талап ететіндей қолда құжат бол­май отыр. Заң шығарушы органның Үкіметтен негізі күтіп отырғаны – осы заң, ол болса, қоғамдық ұйым бола ма, басқа уәкілетті органдар бола ма, заңға сүйене отырып, нақты тетіктер арқылы жұмыс істеуге болады. Белгілі бір құжатсыз, ауызша, қоғамдық негізде, әртүрлі комиссиялар құрумен шектелсек, популистік қадам деген сонда басталады.

 

P.S. Яғни, активтерді қайтару туралы заң жобасы әлі әзірленбеген, әзірленсе де, әлі Мәжілістің қарауына жіберілген жоқ. Яғни, процесс белгіленген мерзімнен әлдеқайда кешігіп жатыр. Қайтарудың құқықтық механизмдері жоқ болса, жалпы тапсырма қаншалықты орындалып жатыр деген сұрақты қоюдың өзі қисынсыз.

Бір-екі апта ішінде Үкімет пен Бас прокуратура депутаттардың сауалына жауап беруі керек. Сол кезде нақты мәлімет алып, шынайы жауап естиміз деген үмітке иек артқаннан басқа амал жоқ.

Ділда УӘЛИБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.