«Қарақалпақстан Димашы» атанған Мұса Азия дауысына қатысқысы келеді

134

Әлеуметтік желіде «Өзбек халқын таңғалдырған қазақ әнші жігіт» деген атпен жүктелген видеоның таралғанына біраз уақыт болса да, көпшілік онда әлі күнге дейін тілектерін қарша боратып жазып жатыр. Қарақалпақстанда туып-өскен қандасымыз Мұса Молдабаев қазақстандық тыңдармандардан мұндай реакцияны күтпегенін айтады. Өзбекстанда үлкен сұранысқа ие ARTIST жобасында кеңінен танылған ол екі ел Президенттерінің алдында ән шырқаған. Қазір он сегіз жылға жалғасқан үзілістен соң қайта өтетін әйгілі «Азия дауысы» байқауына қатысу үшін «Отандастар» қоры ұйымдастырып жатқан кастингке қатысып жатқан Мұсаға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

«Қарақалпақстан Димашы» атанған Мұса Азия дауысына қатысқысы келеді– Сіз туралы дерек іздестіргенімізде, тоғыз жыл бокспен айналыс­қа­ныңыз­ды білдім. Былғары қолғапты шегеге іліп, өнерге аяқ басуыңызға не түрткі бол­ды?
– Мен Қарақалпақстан Республикасы Қоңы­рат ауданына қарасты Жаслық елді ме­кенінде өсіп-өндім. Тоғызыншы сы­нып­ты аяқтағанша сонда тұрдым. «Шынықсаң шы­мыр боласың» дегендей, тоғыз жылдай бокс үйірмесіне қатыстым. Кейін ден­сау­лы­ғымда кінәрат болып, бокстан қол үзуге мәж­бүр болдым. Дегенмен бала кезімнен өнер­ге деген қызығушылық таразы басын ба­сып кететін. Мен ес білгелі ән айтып ке­лемін. Әр қазақтың үйінің төрінде домбыра ілу­лі тұрады ғой. Бұл аспапта ой­нау өнері атадан балаға ми­рас болып жалғасып келе жатыр. Сол үйде ілулі тұрған дом­бы­раны қолы­м­нан тастамай, дұ­рыс шертуді біл­месем де, үнемі дың­ғыр­­латып жү­ре­тінмін. Қала бер­ді, көшеге алып шығып, ай­қайға басып, ән айтып жүретін әдетім бар еді (кү­ліп). Сосын мектеп та­балдырығын аттаған соң, домбыра тартуды үйре­ніп, қазақтың ұлттық әндерін, әсі­ресе, Шәмші атамыздың әндерін жиі орын­дап жүрдім. Кейін домбырамды ар­қа­лап, мектепішілік концерттерде, ағайын-туыстың мерекелік кештерінде ән айтатын болдым. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, Нөкіс қаласындағы мәдениет және көркем өнер колледжінің эстрада вокал бөліміне оқуға түстім. Алғашында құжаттарымды тап­сырған кезде, сол колледжде сабақ бере­тін Қарақалпақстан Республикасының Ха­лық әртісі, қандас әпкеміз Гүлнара Мүн­тееваға жолыққан едім. Ол кезде де қо­лым­нан домбырам түспейді. Мұны көрген ол ме­ні әнші емес, сазгер немесе гитарашы бол­ғысы келетін талапкер шығар деп ой­ла­са керек. Онда қарақалпақ ұлттық ас­па­бы ала мойнақ дутарын шертуді үйретеді, ал домбырашы мамандығын оқытатын бө­лім жоқ. Сондықтан Гүлнара апай сон­дағы музыканттар мен мамандарға та­ныс­ты­рып, құжаттарымды сонда тапсыру ке­рек екенін айтты. Мен ол кісіге әнші бол­ғым келетінін, домбыраны ән айту үшін ар­қалап келгенімді айтып түсіндірдім. Ол кі­сі менің дауысымды тыңдап, қажетті ке­зең­дерден өткен соң, оқуға қабылдандым. Гүл­нара апай маған бар білгенін үйретті. Ол кісімен байланысым әлі күнге дейін үзіл­­ген жоқ. Қазір Ташкентте Мем­ле­кеттік кон­серватория жанындағы Батыр Закиров атын­­дағы Ұлттық эст­рада институтында 3-курс­та оқи­мын. Бірақ байқауларға бара­­тын болсам, алдын ала Нө­кіс­­ке келіп, Гүл­нара апаймен дайын­дығымды пысықтап ала­­мын.
«Қарақалпақстан Димашы» атанған Мұса Азия дауысына қатысқысы келеді– Интернетте Мұса Мол­да­баев деп те­рсек, бірден қа­зақтың халық әні «Са­­мал­тауды» орындаған видео­ла­рыңыз шығады. ARTIST жоба­сын­да да осы әнді ерекше орын­да­дыңыз. Бұл әнді сіздің «төлқұ­жа­тыңыз» десек, қ­ателеспейтін бо­лармыз?
– Дәл солай. «Самалтау» халық әні – жү­ре­гіме жақын әндердің бірі. Мені көп­ші­лікке танытқан ән – осы ән. Бізде Өз­бек­стан­да беделді телеарналардың бірі са­на­латын ZO’R TV ARTIST жобасының кон­цеп­ция­сы Қазақстанда жыл сайын өткізілетін Topjargan, «Қазақстан дауысына» ұқсас. Мен бірнеше кезеңді қамтитын кастингтен өтіп, байқаудың теленұсқасына қатыстым. Ол уақытта ауылды сағынып жүрген кезім. Әрі қазақ екенімді білдіргім келді. Сондай-ақ бірінші турдан бастап тыңдарманның есін­де қалу үшін лайық өнер көрсету керек еке­нін түсіндім. Сөйтіп, «Самалтау» халық әнін нақышына келтіріп орындап, қазылар алқасымен қатар, тыңдармандарды таң­ғал­дырдым десем, артық айтпаймын. Сол тур­дан соң көбі мені «Қазақстаннан келген ән­ші болса керек» деп ойлапты. Қазылар де­мекші, онда Өзбекстанның мега танымал ән­шілері төрелік етеді. Олардың ішінде өзіміздің Жеңісбек Пиязов ағамыз да бар.
– Финалға дейін іркілмей өтіп, ақ­тық сынға қатыспауыңызға не себеп?
– Қаның қазақ болған соң, қайсар мі­нез сыртқа шықпай қоймайды. Кейде қыр­сы­ғып қаламыз. Өз дегенімізді істеткіміз ке­леді. Осындай себептермен жоба ұйым­дастырушыларымен келіспеушілік болып, ақтық сынға қатыспауға тура келді.
«Қарақалпақстан Димашы» атанған Мұса Азия дауысына қатысқысы келеді– Осы жобадан соң сіз­дің шығармашы­лы­ғыңызбен танысқан тыңдармандар­дың көбі әлеу­мет­тік желі­лер­де «Қара­қал­пақ­­станның Димашы» деп жа­рыса жаз­ғанын көзім шал­ды.
– Ол жаз­ба­лар­­ды мен де көр­­дім. Өзбек­стан­­да Димашты жақ­сы танитын көп­ші­лік мені оған ұқсатып жатады. Әсіресе, жоғарыда ай­тып өткен жобаның финалына шы­ғар кезде осылай жазғандардың қарасы көп болды. Бірі «Қарақалпақстанның Ди­машы» десе, енді бірі «Өзбекстанның Ди­ма­шы» деп жазыпты. Мұндай пікірді ес­ті­сем, төбем көкке бір елі жетпей қалады. Ди­машқа ұқсатып, ол секілді болсын деп ті­леудің өзі мен үшін жетістік әрі жеңіс десем болады.
– Өзбекстандық бағдарламалардың бірін­де қазақша жауап бергеніңізді бай­қап қалдым. ARTIST жобасында да қа­зақша сөйлегеніңізді естідік. Әлеу­меттік желідегі парақшаңызды да кө­бі­не қазақша жүргізесіз. Қазақ еке­ніңіз­ді білдіру ұстанымы бәрінен биік пе?
– Менде бұл ұстаным бұрыннан бар. Анам өмірден ерте өтті. Бізде «Ана тілі» деп бе­кер айтпайды ғой. Анамнан қалған жал­ғыз мұра – өзім және ана тілім. Қазақ тілі – анам­ның тілі. Анам мен өмір есігін ашқан күн­нен-ақ «Әлди, әлди, ақ бөпем» деп ыңылдап ән айтып, бұл тілді менің санама сіңіріп кет­ті. Ес білгелі қазақ тілін естіп келемін. Сондықтан қарақалпақ, өзбек тілінен бө­лек, жүрген жерімде қазақша көп сөйлеуге ты­рысамын. Әлеуметтік желіде де қазақша көп жазамын. Жалпы, қазақ екенімді мақ­тан тұтамын. Шынымен де қайда барсам да, қазақ екенімді білдіріп жүргім келеді.
– Қазақстанға қаншалық жиі келіп тұрасыз?
– Бұған дейін Қазақстанда өткен екі бай­қауға қатысқаным бар. Жақында ғана Қы­зылорда қаласында тұңғыш рет ұйым­дас­тырылған Кеңес Дүйсекеев атындағы ха­лықаралық байқауға қатыстым. Оның ал­дында 2019 жылы Астанада өткен ха­лық­аралық байқауда бірінші орын иелендім. Қа­зір Қазақстанда өтетін түрлі байқаулар мен жобаларға қатысу туралы ұсыныстар ке­ліп түсіп жатыр. Сондықтан алдағы уа­қыт­та атажұртқа жиі барып тұрамын деген сенімдемін.
«Қарақалпақстан Димашы» атанған Мұса Азия дауысына қатысқысы келеді– Былтыр желтоқсанда Ташкентте Қа­зақстан мен Өзбекстан пре­зи­дент­тері­нің алдында ән айтыпсыз.
– Иә, былтыр Қазақстан Президенті Таш­кентке ресми іссапармен келген кезде өт­кізілген концертке шақырылған бола­тын­мын. Ресми кездесуден соң өткен кон­церт­те Шавкат Мирзиёев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында екі елдің достығы берік екенін көрсету мақсатында «Жан досым» әнін орындадым. Жалпы, мен мемлекеттік кон­церттерге жиі қатысамын. Әсіресе, Ка­молиддин Орынбаев басқаратын Мем­ле­кет­тік симфониялық оркестрдің сүйемел­деуі­мен қазақтың халық әндерін орындай­мын. Одан бөлек, шет тіліндегі композиция­лар­ды да жиі айтамын. Алдағы уақытта ав­торлық әндер жазу, бейнеклип түсіру үшін қазір тынбай еңбектеніп жатырмын. Одан бөлек, бакалавриат бөлімін бітірген соң, сырт елде магистратура оқып, білімімді жетілдіргім келеді. Жоғарыда айтып өт­ке­німдей, Қазақстанда түсірілетін түрлі жо­баға қатыспақ ойым бар.
– Түрлі жобаның біреуі «Қазақстан дауы­сы» емес пе?
– Иә. Шетелдік жоба болғандықтан, биыл ересектер арасындағы маусымды бас­тау үшін лицензия күтіп отыр-ау дей­мін. Биыл барлығы реттеліп, өткізілетін бол­са, сол жобада бағымды сынап көргім ке­леді.
– Байқау демекші, он сегіз жылға со­­зыл­ған үзілістен соң, биыл қайта ұйым­­дас­тырылатын, аты аңызға ай­налған «Азия дауы­сы» халықаралық фес­тиваліне қаты­су­ға үміткерлердің бірі ретінде тіркеліпсіз. «Отандастар қо­рының» бастамасымен қай­та жаң­ғырған «Азия дауысының» сах­на­сында шет елдерде тұратын қандас­тары­мыз да қатыса алатыны белгілі. Өзіңізден бас­қа, Өзбекстаннан «Отандастар» өт­кізіп жатқан кастингке өтініш жі­бер­гендер бар ма?
– Менен басқа әншінің құжат тапсыр­ға­нын естімедім. Үлкендер қонақ ретінде қа­тыспаса, конкурсант ретінде тегі қатыс­пай­ды. Мысалы, халықаралық деңгейде бе­делі бар Жеңіс көке қатыспасы анық. Сон­­дықтан қатысып жатқан жалғыз мен ғана шығар. Мен бұл туралы естіген бойда, пош­­тамен құжаттарымды жіберіп, ән айт­қан видеоларымды жолдадым. «Азия дауы­сына» қандастардан кімнің қатысатыны әлі белгісіз. Естуімше, үміткердің аты-жөні маусым айының соңында белгілі болады.
«Қарақалпақстан Димашы» атанған Мұса Азия дауысына қатысқысы келеді– Беделі биік бұл жарысқа қандас­тар атынан сіз қатысады деп үміттене­міз!
– Мен де солай үміттенемін!
– «МузАрт» тобының мүшесі Сә­кен Майғазиев парақшаңызға жы­лы лебізін жазып, үнемі лайк ба­сатынын ескерсек, ARTIST жо­ба­с­ынан кейін қазақстандық тың­дармандардан бөлек, отан­дық әншілер де сіздің шығар­ма­шылығыңызға тәнті болса ке­рек. Қазақстандық әнші­лер­ден кімді сүйіп тыңдайсыз?
– Әлбетте, «МузАрт» тобын сүйіп тыңдаймын. Ол топты тың­дамайтын қазақ жоқ шығар, сірә! Сәкен ағаның әлеуметтік желідегі же­ке парақшама жазылғанын көргенде, қатты қуанып, марқайып қалдым. Содан соң әлем жұртшылығы секілді мен де Ди­маш­тың әндерін жиі тыңдаймын. Жалпы, мен байқауға жиі қатысатын әншілерді көп тындаймын. «Мынадай жас әнші ана бай­қауға қатысқалы жатыр» дегенді естісем, оның әндерін іздеп жүріп тыңдаймын. Ел ішіндегі іріктеуден іркілмей өтіп, халық­ара­лық байқауда ел атынан қатысуға лайық деп танылса, демек ол мықты ғой. Тың­дауға тұрарлық. Көбіне «Славян ба­зары» халықаралық байқауына қатысқан Ру­хия Байдүкенова, Ернар Садырбаевты ба­қылаймын.
– Ташкентте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионаты кезінде Instagram-да 22 мыңға жуық жазылушысы бар «Таш­кент қазақтары» атты топтың белсенді жұмыс істейтінін аңғарып, таң­ғалдық. Қазір Ташкентте оқып жүр­ген саған жергілікті қазақтар көп қол­дау көрсететін болар?
– Әлбетте! Үнемі қолдап жүреді. Жылы ле­біздерін аямайды. Бір-бірімізді қолдап жүру­ге тырысамыз. Жоғарыда айтып өт­кен­дей, ARTIST жобасында қазылар алқа­сын­да отырған Жеңіс көке жоба барысында маған көп қолдау көрсетті. Дайындық ке­зінде бар білгенін үйретіп, ойдағыдай өнер көрсетуіме тілекші болды. Ол кісі мем­ле­кеттік концерттерде де қолдауды аямай­тын. Сол кісі секілді аянып қалмайтын қа­­зақ­тар жетерлік. Айтпақшы, ARTIST жо­­басы кезінде әр турда қазақша сөй­леге­німді көрген Өзбекстан қазақтарының үлкені бар, кішісі бар, маған тілектерін жаудыртты. Біле білсеңіз, Ташкентте көп қазақ тұрады. Оның айналасындағы ауыл­дарға кірсеңіз, көп қазақты кездестіресіз. Әлгі жобадан кейін жасы кішілер «Аға, сізге үлкен рахмет!» деп тілеулестік білдірсе, үлкен­деріміз «Балам, саған рахмет! Шыны ке­рек, мында жүріп, қазақша көп сөйле­мей­тін едік. Бірақ сені көріп, қазақша сөй­легіміз келіп кетті. Бұдан былай қазақша жиі сөйлейтін боламыз» деп ағынан жарыл­ды.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

https://turkystan.kz/article/222757-karakalpakstan-dimashy-atangan-musa-aziya-dauysyna-katyskysy-keledi/

Leave A Reply

Your email address will not be published.