
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Қарағанды облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда барлық бағытта қозғалыс уақытша шектелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Қазіргі уақытта облыс трассаларында 80 экипаж және 160 полиция қызметкері жұмылдырылып, жол жағдайын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларға көмек көрсетіп, көлік құралдарын қауіпсіз алып жүруді қамтамасыз етуде.
Бұл туралы Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін таңертеңнен бастап полицияның ілесіп жүруімен:
Қарағанды – Теміртау бағыты бойынша – 500 автокөлік,
Теміртау – Қарағанды бағыты бойынша – 300 автокөлік,
Ақмола облысының шекарасына дейін – 1200 автокөлік қауіпсіз өткізілді.
«Біздің басты мақсатымыз — азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Осы орайда өңір автожолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», — деді Қарағанды облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Сонымен қатар ол облыс тұрғындары мен қонақтарын қозғалысқа енгізілген уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырды.
Полиция қолайсыз ауа райы жағдайында жүргізушілерге алыс сапардан бас тартуға, жол белгілері мен белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауға, қауіпсіз арақашықтықты ұстануға, сондай-ақ маршрутты жоспарлау барысында күрделі метеорологиялық жағдайды ескеруге кеңес береді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда полиция қызметкерлерінен жедел көмек сұрау қажет.
Жолдағы қауіпсіздік — әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.