ҚР Қарулы Күштерінің Балқаш гарнизонындағы Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 53898 әскери бөлімінің авиациялық оқу-жаттығу орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шарада әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған Ашық есік күні ұйымдастырылып, әскери зейнеткерлерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында 53898 әскери бөлімінің командирі полковник Азамат Асанов, Балқаш қаласының әкімі Қайрат Камзин және әскери зейнеткер, запастағы майор Владимир Хведченя құттықтау сөз сөйледі. Жеке құрам алдында ҚР Қарулы Күштерінің қатарында көп жылдар қызмет етіп, еңбек сіңірген және жауынгерлік даярлықтағы үздік танылған бірқатар әскери қызметшілерге төсбелгі марапаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Ашық есік күнінде әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері ашық алаңда орналасқан әскери ұшақтар, әскери тікұшақтарды және әскери қару-жарақтарды көріп, тамашалады. Іс-шараға Балқаш қаласының білім ошақтарында білім алып жүрген мектеп оқушылары да қатысты. Ел келешегі өскелең ұрпақ үшін арнайы ойын түрлері ұйымдастырылып, әскери далалық асханада дайындалған ыстық тағам үлестірілді.