ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУІ ТИІС

86
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте 2024 жылға бюджеттің түсімдері мен төлемдері бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын қазынашылық департаментіне енгізу жұмыстары қаралды.
Сондай-ақ өткен жылғы қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысымен Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыға түсті.
Жиында ең әуелі сөз алған қала әкімдігі қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Умирбеков 2024 жылға арналған шаһар бюджетінің жоспары жайында баян етсе, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев мемлекеттік сатып алу конкурстарының жай-жапсарын түсіндірді.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек округ инспекторларының жұмысы, ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, қаладағы жарнама қалқандарын ретке келтіру, шаһар шеңберіндегі мал бордақылау алаңдары мен заңсыз мал сою орындарын анықтау, білім мекемелерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу конкурсына құжаттарды дер кезінде өткізу, саяжайларды ауызсумен, тұрғын үйлерді жылумен қамту сынды мәселелер қаралып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.
Сондай-ақ екі күннен бері тоқтаусыз жауған қар тазалау жұмыстарына коммуналдық мекемелер, кәсіпкерлік нысандар мен қала тұрғындары жұмылған жұдырықтай атсалысу қажеттігі айтылды.
– Қала тазалығы – баршаға ортақ жұмыс. Дегенмен, жауған қарды «Жасыл ел-Тараз» мекемесі екі күннен бері үздіксіз күреп, қала сыртына шығарып жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде шаһардағы кәсіпкерлік нысандар, қала тұрғындары өз ауласының қарын күреуі тиіс. Бұған тұрғындар мен кәсіпкерлер түсіністікпен қарайды деп ойлаймын, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жасылелдіктерге қала көшелерін тәулік бойына кезекшілікпен тазалауды тапсырды.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы

 

Тараз қаласының әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.