Бүгінде жастар, әсіресе, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Тәртібі қиын жастың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі артатынын ескерсек, бұл өткір мәселе екені сөзсіз.

Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды.
Осы ретте кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім ошақтарында түрлі форматта іс шаралар кешені ұйымдастырылып отырады.

Осы мақсатта бүгін Талас ауданының әкімі Нұрбол Әбдімажитұлы Жүнісбековтің төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтті.
Кеңейтілген отырыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстармен күресті күшейту, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелеу.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің басшысы Иманбек Бауыржан Смаилұлы және мен атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасадық.
Отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында комиссия төраға кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтардын аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.