Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта «Тараз – тарих толқынында!» атты республикалық фото байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті
Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай, қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов қатысты.
Әуелі шара қонақтары көрмені аралап, фотоөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұдан кейін шаһар басшысы сөз алып, ізгі лебізін жолдады.
– Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен көне шаһар тарихы, байырғы мәдениеті мен тәуелсіздік жылдары қайта түлеген келбеті бүгінде көпті сүйсіндіруде. Бүгінгі байқаудың да басты мақсаты – екі мың жылдан астам тарихы бар сүйікті қаламыздың кескін-келбетін фото өнері арқылы насихаттап, жаңарып, көркейген шаһарды көпшілікке жаңа қырынан таныту. Сондай-ақ осы арқылы кәсіби мамандарды анықтап, олардың еңбегін халық арасында кеңінен дәріптеуге жол ашылады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы байқау жеңімпаздарына марапаттарын табыстады.
Сайыста бақ сынаған 12 қатысушының ішінен 3-орынды түркістандық Нақып Шынтеміров, 2-орынды шымкенттік Самат Мырзалиев, 1-орынды алматылық Ернұр Манапханұлы еншілеп, қаржылай сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар Мақсат Шағырбай (Шымкент қаласы) «Үздік фотограф», Дәурен Нысанбаев (Тараз қаласы) «Үздік қала пейзажы», Табын Әбілда (Тараз қаласы) «Ең әдемі көрініс», Серікболсын Шері (Түркістан облысы) «Мөлдір табиғат», Әкпар Үркінбайұлы (Алматы қаласы) «Қас қағым сәт» номинацияларымен марапатталды. Бұдан бөлек тараздық Ақәділ Рысмахан, Юрий Ким, Михаил Те мен алматылық Досжан Балабекұлы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Келесі кезекте қазылар алқасының мүшесі Жеңіс Ысқабай сөз сөйлеп, аталған шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін қала әкімдігіне алғысын жеткізді.