Инвесторлар тал көшеттерін отырғызды

54
Ел экономикасын көтеруде инвестиция тартудың маңызы зор. Қазіргі таңда біздің ауданда да нақты нәтиже беретін ірі халықаралық жобалар жүзеге асуда.
Солардың бірі Сарысудың сары даласында салынып жатқан кальцийленген сода шығаратын өндіріс орны. Осыдан үш жыл бұрын Түрік мемлекетінің «YILDIRIM» компаниясы ірі көлемде инвестиция салып, зауыттың құрылысын бастаған.
9 қараша күні облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы ауданға жұмыс сапары барысында, құрылыс алаңына арнайы барып, жұмысымен танысты.
Сонымен бірге, компанияның өнімдерін өндіріп, экспортқа шығару үшін ірі шетелдік өнім өндіруші компанияларды серіктестік жұмыстарына тарту мақсатында бізге индустриялық аймақ ашуды тапсырды.
Бүгін «Qazaq Soda» ЖШС-і «Болашаққа Тыныс – Geleceqe Nefes» ұранымен 2030 жылға дейінгі көгалдандыру жоспарының ашылуын өткізді. Көгалдандыру жоспарына сай, 2030 жылға дейін 500 мың түп тал отырғызылатын болады. Биылғы жылға жоспарланған 10 мың түп талдың алғашқы көшеттерін жоба инвесторларымен бірге аудан қарияларымен отырғыздық.
Шара барысында Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан елеулі еңбектері үшін «YILDIRIM» компаниясының директоры Исмайл Джейлан және «Qazaq Soda» ЖШС-нің атқарушы директоры Рамазан Ибраимов, Латиф Чайханға
«Сарысу ауданына 95 жыл» мерекелік медалін табыстап, алда бірге атқаратын жобалар мен әлеуметтік жұмыстардың бірқатарын атап өттім.
Алдағы жылдары зауыт маңайы жасыл желекті орманға айналатын күн де алыс емес. Өздерінің айтуынша, түрік ағайындар үшін үлкен істі бастарда ағаш отырғызу ырымға айналған екен.
Айта кету керек, құрылысы басталған «Qazaq Soda» ЖШС-нің кальцийленген сода өндіретін зауытының жылдық жобалық қуаты 500 мың тоннаны құрайды, екінші кезеңде 1,2 миллион тоннаға дейін артады. Жаңа зауыттың кальцийленген соданы экспортқа шығаруға да мүмкіндігі мол болмақ.
Зауыт құрылысына 400 миллион АҚШ доллары инвестицияланған. Жоба 2025 жылы толықтай пайдалануға беріледі. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Құрылыс кезінде 1500 адам, іске қосылғаннан кейін жергілікті 1000 адам жұмыспен қамтылатын болады.

 

Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.