Әнші Индира Расылхан соңғы жылдары психологиямен айналысқанын айтып, оқырмандарын алдағанын айтты және халықтан кешірім сұрады. Сондай-ақ ол ресми түрде енді ән айтпайтынын мәлімдеді.
«Ойым шашыраңқы болса да, жеткізуге тырыстым. Кешірім сұраймын! Сіздердің алдарыңызда жіберген қателігімді, алдап жүрген мәселелерімді ашық айтуға ниеттендім. Қалай бар, солай жеткізуге тырысамын. Біраз уақыт сіздерді алдап келгем», — деп жазды Индира Расылхан.
Сонымен қатар әнші бұлай айтуының себебін де түсіндіріп берді.
«Осы уақытқа дейін сіздердің алдарыңызға әнші ретінде шықтым. Сіздердің құрметтеріңізді, көңілдеріңізді жаулап алуға тырыстым. Бұл әрине, Алладан берілген. Маған «Қаншалықты халыққа адал қызмет еттім» деген ой келеді. Сіздердің көңілдеріңізді өнеріммен жаулап алғаным үшін кешірім сұраймын. Психологиялық мақсатта сіздермен жұмыс істеп жатқаныма үш жылдың көлемі болды. Қанша терапия өткіздім, қанша адаммен сөйлестім. Қанша жанның мұңын тыңдап, көмегімді тигіздім. Тегін де сабақ бердім, курс та өткіздім. Осының барлығында менен кеткен қателік көп болды. Психология бір білім ғой. Бірақ, бұл Алладан емес, батыстан келген білім», — деді әнші.
Индира Расылхан енді ешқашан ән айтпайтынын айтты.
«Сіздерді алдап келген нәрсем, психологияны үйреткенім, психолог сияқты жұмыс істегенім. Бәлкім, біреуіңіз өнерімді, біреуіңіз психологиямды жақсы көрген боларсыздар. Мен психологиялық техника, аффермация мен медитацияға кеңес бермес едім. Бұлай Алла менің ризығымды арттырмады. Адасу, қателік жасау арқылы Алланы таптым. Үлкен сынақтан өттім. Не ауру емес, не сау емес күйден өттім. Қазір өз-өзіме келдім. Сіздерді алдап жүргендей сезіндім. Сіздерге Алладан келген білімді емес, адамдар ойлап тапқан техниканы бердім. Жүректеріңізге психолог ретінде жол тапқан болсам, кешірім сұраймын. Мен ресми түрде мәлімдеме жасағым келіп отыр, бұдан кейін енді ән де айтпаймын», — деген өнер иесі.
https://turkystan.kz/article/234172-indira-rasylhan-shy-armashyly-yna-atysty-resmi-m-limdeme-zhasady