Елордадағы ЭКСПО аумағында Қазпоштаның робопост кеңсесі ашылды.
Қазпоштаның роботтандырылған жаңа кеңсесі бүгінгі күні қазақстандық робототехниканы қолдау және дамыту үшін құрылған «Робополис» аумағында жұмыс істей бастады. Заманауи кеңсенің ашылуына «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, ҚР вице-премьері Асқар Жұмағалиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазпоштаның басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов және күні кеше Астанаға келген робот София қатысты.
«Қазпошта жаңа кеңсесін IT-саладағы соңғы жетістіктердің барлығы жиналған жерде ашып отыр. Біз отандастарымызға дәстүрлі қызметтерді мүлдем жаңа форматта алуға болатынын көрсетеміз. Жаңа кеңсенің ашылуына Софияны да кездейсоқ әкелген жоқпыз. Цифрлы трансформация идеясы бүкіл әлемді жаулап алған уақытта біз де үздік әлемдік тәжірибелермен танысып, үздік мамандардан сабақ алу мүмкіндігімізді жіберіп алмауға тырысамыз. Қазір үкімет тарапынан цифрландыру идеясын жан-жақты қолдаудың арқасында біздің еліміз де осы салада алдыңғы қатарға қосылып, мамандар сұранысқа ие болуда», — дейді Қазпошта басшысы Сәкен Сәрсенов.
Айта кетерлігі, әлемдегі ең танымал роботтардың бірі Софияны Дэвид Хансон атақты актриса Одри Хепберннің бейнесін негізге алып құрастырған. Ол жасанды интеллектке ие, көрнекі ақпаратты және тұлға тану технологиясын өңдеу функцияларымен жабдықталған. Робот Астанаға Қазпоштаның құжаттарын электрондық түрге көшіріп жатқан Documentolog компаниясының қолдауымен жеткізілген. Кеңсенің ашылуы кезінде геноид София меймандарға Қазақстанның цифрлық жүйеге ден қойып отырғанынан хабардар әрі Астананың көркіне тәнті екенін айтып берді.
Дәстүр бойынша, іс-шараның қонақтарын Жапониядан әкелінген жаңа робот-кеңесші Pepper қарсы алды. HD-камералар және сенсорлардың арқасында ол қоршаған ортасын танып, адам эмоцияларын біле алады. Pepper кеңсе қонақтарына Қазпошта қызметтері туралы айтып, көңілдерін көтерді. Оларға экскурсия да жүргізе алады. Қазпоштаның жаңа кеңсесінде дәстүрлі банкоматтар мен төлем терминалдарымен қоса гибридтік банкомат бар. Одан онлайн кеңестер және post.kz қызметтерін алуға, төлем карталары немесе қолма-қол ақша көмегімен түрлі төлемдер төлеуге болады. Клиенттерді сәйкестендіру саусақ іздері мен биометрия арқылы жүргізіледі. VR-бөлімінде қонақтарымыз виртуалды турды тамашалап, қызметтермен танысып, трек-нөмірі бойынша сәлемдемесін де таба алады. AR-киіну бөлмесі онлайн-дүкеннен тапсырыспен алған киімдерді киіп көруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, принтер арқылы 30 минуттың ішінде (бас киім, мойынорағыш, орамал, жейде) басып шығарып, селфи-дронның көмегімен түскен суретіңізді шығарып алуға немесе электрондық поштаға жіберуге болады.
Сонымен бірге тың кеңсеге Назарбаев университетінің түлектері жасаған робопошташы орналастырылған. Ол ЭКСПО аумағында орналасқан кеңселерге алдын ала белгіленген маршрутпен хат-хабарлар жеткізіп тұрады.