Есейхан — салауатты ауыл атанды

41
Еліміздің денсаулық сақтау саласы мамандарының бастамасымен басталған «Салауатты халық» жобасы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан қолдау тауып, қазіргі таңда барлық өңірлерде қолға алынып жатыр.
Ауданда «Салауатты ауыл» жобасы Қаратау ауылдық округіне қарасты Есейхан ауылында қолдау тауып, аталған жоба аясында салтанатты шара өтті. Жобаның негізін қалаушы «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, «Салауатты ауыл» сияқты жобалар бүкіл ел үшін үлгі болып, басқа ауылдарды салауатты өмір салты мәдениетімен танысуға шабыттандыруы тиіс. Жобаның шарттары бойынша «Салауатты ауыл» статусы бар ауылдарда темекі өнімдері мен спирттік ішімдіктер сатылмай, жастар, ересектер мен қарт адамдар спортпен шұғылданып, пайдалы тағамдарды тұтынуға тырысады.
Есейхандықтар келген қонақтарды қазақи дәстүрмен қарсы алып, ауылдың кіре берісінен амбулаторияға дейінгі жолды жаяу жүріп өтті. Игі шараны аудан әкімінің орынбасары М.Уристенов ашты.
-Бұл — біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш, себебі біздің ауыл денсаулық пен сапалы өмірді басты құндылыққа айналдыру жолында үлкен қадамдар жасауда,- дей келіп, болашақ ұрпаққа үлгілі іс қалдыру басты мақсатымыз екенін тілге тиек етті.
«Салауатты ауыл» жобасы аясында ауыл тұрғындарының салауатты өмірі, денсаулығы, ел болашағы үшін елеулі істер атқарып жүрген Академик, «Primary Health Care» ұлттық ассоциациясының президенті – Рахыпбеков Толебай Косиябекұлына «Талас ауданына сіңірген еңбегі» үшін төсбелгісін табыс етті.
Келесі кезекте сөз алған академик Т.Рахыпбеков ауырмаудың алдын-алу, ұзақ жасау, денсаулықты күту, тиімді тамақтану туралы тұжырымдамаларды баяндап, тұрғындармен емен –жарқын сұхбат жасады. Ал, Жамбыл облысы Денаулық сақтау басқармасы басшысы міндетін уақытша атқарушы Лаура Отарбаева бұл жобада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы денсаулығын түзету» қағидалары қамтылған. Республикада алғаш рет енгізіліп отырған «Салауатты Халық» пилоттық жобасы екендігіне тоқталып, жобаның негізгі мақсаты халықтың денсаулығын жақсарту, өмір сүру жасын ұзарту болып саналатындығын айтты.
Өз кезегінде Amanat партиясы Талас аудандық филиалының төрағасы Д.Мәселбеков пен аудандық мәслихат депутаты, осы ауылдың тумасы Қ.Омаров ауыл азаматтары мен амбулаторияға сый-сыяпат жасады.
Шарада «Салауатты ауыл» жобасы аясында «Үздік тәжірибе орталығының» лентасы қиылып, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының атынан Есейхан ауылына «Салауатты ауыл» мәртебесі табысталды. Сонымен қатар, ауылдық амбулаторияға «Үздік тәжірибе орталығы» мәртебесі берілді.
Игі бастама аясында, іскерлік тәжірибе алмасуға Жамбыл, Сарысу, Жуалы аудандарынан келген мамандар мен қонақтар ауылдағы мектеп пен мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараларға қатысты. Мұнда спорттық ойындарды тамашалап, көрмені тамашалады.
Индира ЕРКІНҚЫЗЫ, ТАЛАС АУДАНЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.