ЕРТЕҢГІ КҮННІҢ КӨРСЕТКІШІ — АЛДЫҢҒЫ БУЫННЫҢ АҚЫЛЫНА БАЙЛАНЫСТЫ

68
Ауданымызда “Билер кеңесі-дауды шешудің тиімді жолы” атты семинар-кеңес өтті. Оған облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, облыстық билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек, аудандық билер кеңесінің төрағасы Бәйтерек Жұмаділдә, Шу қалалық және ауылдық округтердің билер кеңесінің төрағалары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысты.
Жиын барысында “Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы” баяндама жасап, өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың аяқ алысынан хабардар еттік. “Ағаның алды-ақ жайлау” демекші, қашанда әр істің бастауында ауданның ардагерлері алғы шепте тұруы қажет. Сол себепті де қандай мәселе болмасын алдыңғы толқынның ақылына жүгінетіндігімізді де атап өтіп, ағаларымызбен қоян-қолтық қызмет атқаруға қашанда дайын екенімізді жеткіздік.
Мұнан кейін облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы “Облыстық билер кеңесінің 2023 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы” баяндама жасады. Ал, Шу ауданында “Дәнекер” жобасының орындалуы бойынша ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары жөнінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Көрікбайұлы баяндама оқыды. Бұған қоса, Шу аудандық билер кеңесінің биылғы жылы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері жөнінде аудандық билер кеңесінің төрағасы Бәйтерек Жұмаділдә хабардар етті.
Жалпы, қай істе болмасын көргені мен білгені мол алдыңғы толқынның тәжірибесі керек-ақ. Бұл ретте ауданымыздың ақсақалдары өте белсенді деуге негіз бар. Өйткені, өңіріміздегі кез келген істің басы-қасында ақсақалдарымыздың өздері жүріп, әрдайым ақыл-кеңестерін білдіріп отырады. Келісіп пішкен тонның келте болмайтынын білгендіктен, біз де әр істің аяқ алысын ақсақалдарымызбен бірге ақылдасып келеміз. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.

 

Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.