Ерікті жастар бетпердені тегін таратып жүр

302

Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған Волонтер жылы әлемдік пандемиямен тұспа-тұс келіп, еріктілердің қоғам өміріндегі маңызын екшеудің сәті туды. Осы бір сындарлы сәтте жамбылдық еріктілер өзгеге халыққа қызмет етудің лайықты үлгісін көрсете білді. «Жібек жолы жастары» еріктілер қозғалысының мүшелері халық көп жиналатын орындарда бетперде мен коронавирустық инфекциядан сақтану жолы, дауасыз дертті үй жағдайында емдеудің алгоритмі көрсетілген ескертпе қағаздарын таратты.

Биыл өзгеше леппен келген көктем күллі әлем жұртшылығын әбігерге алып қойды. Коронавирустық инфекцияның әлемдік пандемия деп жариялануы адамзатты бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырды. Сәйкесінше қоғамдық орында, көшеде бетперде тағу әрбіріміз үшін күнделікті дағдыға айналды. Алайда дәрігерлер бірреттік бетпердені әрбір 3 сағат сайын ауыстыруға кеңес береді. Сонда әр адам күніне 3-4 бетпердені пайдалануы қажет. Өз кезегінде бұл қажеттілік көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелерінің қалтасын әжептеуір салмақ салары белгілі.

Осы орайда жамбылдық еріктілер жеке қорғаныш құралдарын тегін тарату жобасын қолға алды. Әзірге бір ғана еріктілер қозғалысының мүшелері атсалып жүрген қайырымдылық шараның жалпыхалықтық сипат алуы құпталады. Бетперденің дәріхана сөресіндегі шекті бағасы белгіленгенімен күн сайын оның бірнеше данасын сатып алуға шамасы жетпейтіндер үшін еріктілер көл-көсір көмек беруде. Дәрігер мамандардың коронавирустық инфекцияның күз айларындағы кезекті толқыны жайында болжамына сүйенсек, тегін бетперде таратып жүрген ерікті жастардың әрекетінен қайырымдылық пен мейірімділік сынды ізгі амалдармен бірге халық саулығын бірінші кезекке қоятын жанашырлық та байқалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.