Ербол Қарашөкеев жас сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне қатысты

27

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев әскер қатарына шақырылған жас сарбаздардың салтанатты ант қабылдау рәсіміне қатысты.

«Жеңіс» саябағында өткен тағылымды шара Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Аймақ басшысы ел қорғаны болуға қадам басқан сарбаздарды құттықтап, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

– Ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бізге аманат етті. Сол аманатқа адал болу – сіздердің қасиетті борыштарыңыз. Ел сенімін ақтап, тәртіп пен табандылықты серік етіп, әскери қызметте жоғары жетістіктерге жетеді деп сенемін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ибраев пен сарбаздардың ата-аналары Отан алдындағы жауапты міндетті атқаруға кіріскен жас жауынгерлерге ақжарма тілектерін арнады.

Шара соңында жас сарбаздар дайындық кезеңінде меңгерген әскери машықтарын көрсетіп, қарумен және қарусыз орындалатын саптық тәсілдерді көпшілік назарына ұсынды.

Бүгінде Жамбыл облысынан мерзімді әскери қызметке 2 612 сарбаз шақырылған. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне – 1 272, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне – 670, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қатарына – 650, ал Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесіндегі әскери бөлімдерге 20 сарбаз жіберілді.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.