Қазақстанда коммуналдық сала қызметкерлерінің, яғни электрик, сантехник, дәнекерлеушілердің айлығы өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Коммуналдық кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 22-бабына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, бірінші – коммуналдық сала қызметкерлерінің, яғни сантехник, электрик, дәнекеушілердің жалақысын 50%-тен 100%-ке дейін көтеру. Осылайша, орташа жалақы сала мен өңірге байланысты 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін өседі. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыға әсер етеді», – деді Әлібек Қуантыров.
Тағы бір өзгеріс – иесіз желілерді кезең-кезеңімен беру. Осылайша, 25 мың шақырымнан астам коммуналдық желі сенімгерлік басқаруға және коммуналдық меншікке берілмек.
Қабылданған түзетулер коммуналдық кәсіпорындардың иесіз желілерді ұстауға және пайдалануға жұмсаған шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың қамтылуын арттыруға және көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
https://turkystan.kz/article/227620-elimizde-elektrik-santehnik-denekerleushilerdin-aylygy-50-100-osedi/