Елімізде ең көп сұранысқа ие мамандықтар белгілі болды

117

Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар белгілі болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz.

Биылғы сәуірде Электрондық еңбек биржасында 85,9 мың бос жұмыс орны және 73,9 мың түйіндеме орналастырылған. Наурызбен салыстырғанда бос орындар саны 17%-ға (+12,5 мың), ал түйіндеме – 16,4% – ға (+10,4 мың) өсті. Бос жұмыс орындарының да, түйіндемелердің де өсуі, негізінен, елдің барлық дерлік аймағында ауыл шаруашылығы саласындағы белсенділік есебінен болды.

Біліктілігі жоқ жұмыскерлерге сұраныстың айтарлықтай өсуіне қарамастан (+42% немесе +6,5 мың), біліктілік құрылымында бос жұмыс орындарының саны бойынша ең үлкен сұраныс орта білікті мамандарға (барлық бос жұмыс орындарының 40%) әлі де сақталуда. Біліктілігі жоғары кадрларға қажеттілік шамалы өсті – 29,1 мыңнан 29,7 мыңға дейін, яғни 2%-ға ғана өсті, бұл ретте еңбек нарығында орташа білікті қызметкерлерге қатысты сұраныс пен ұсыныс арасында үлкен алшақтық байқалды: қажеттілік 1,5 есе жоғары болды – 22,5 мың түйіндемеге 34,5 мың бос орын.

«Кадрларға сұраныстың артуын Атырау және Қарағанды облыстарын қоспағанда, барлық өңірлер көрсетуде. Сонымен қатар Жетісу облысында жұмыс берушілердің белсенділігі сәуірде екі есеге жуық, яғни 1,8 мыңнан 3,5 мыңға дейін өсті. Бұл өсім негізінен ауыл шаруашылығы жұмыскерлері үшін бос жұмыс орындары есебінен болып отыр», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және үлкен деректер департаменті директорының орынбасары Ұлпан Шегенова.

Сәуірде біліктілігі жоқ жұмыскерлермен қатар автомобиль жүргізушілері (1,9 мың бос жұмыс орны), күзетшілер (1,6 мың бос жұмыс орны) және тәрбиешілер (1,4 мың бос жұмыс орны) жоғары сұранысқа ие болды. Сонымен қатар онлайн-сату менеджері (+457 бос жұмыс орны), жол жөндеушілер (+428 бос жұмыс орны) және абаттандырушы (+411 бос жұмыс орны) сияқты мамандықтардың жұмысшыларына сұраныс артты.

«ЭЕБ мәліметтері бойынша, сәуір айында еңбек нарығында ең сұранысқа ие және тапшы кадрлар күзетшілер мен тәрбиешілер болды. Мәселен, Қарағанды облысында (23 түйіндеме, 165 бос орын болған), Астанада (164 бос орынға  42 түйіндеме) және Алматыда (119 бос орынға 56 түйіндеме) тәрбиешілер жетіспеді. Бұл өңірлерде ізденушілердің сұраған жалақы деңгейі жұмыс берушілер ұсынған еңбекақы мөлшерінен 1,5 есе асып түскенін айта кету керек», – деді Ұлпан Шегенова.

Күзетшілер Павлодар облысында (223 бос орынға 38 түйіндеме), сондай-ақ Астана (177 бос орынға 39 түйіндеме) және Алматы (161 бос орынға 49 түйіндеме) қалаларында ең көп сұранысқа ие болды. Бұл ретте ізденушілер айына 150 мың теңгеден бастап еңбекақы күтуде, ал жұмыс берушілер 110 мың теңгеден бастап ұсынуға дайын болды.

Кадрлардың көптігі дәстүрлі түрде елдің оңтүстік өңірлерде байқалды. Мәселен, Түркістан облысында түйіндеме саны 6,2 мыңға, Маңғыстауда – 2,6 мыңға, Қызылорда облысында – 2 мыңға және Шымкент қаласында – 1,6 мыңға артты.

«Кәсіптер бөлінісінде білікті ізденушілер арасында қазандық жабдықтарының операторлары көп болды – ұсынылған бос жұмыс орындарының саны небәрі 29-ды құраса, ал ізденушілер 596 түйіндеме орналастырды, олардың үштен екісі Батыс Қазақстан облысында берілді. Сондай-ақ, тігіншілер (760 түйіндемеге 355 бос жұмыс орны) және заңгерлер (802 түйіндемеге 415 бос жұмыс орны) көп болды. Бұл ретте заңгер-ізденушілердің 33%-ы мегаполистердің тұрғындары», – деді Ұлпан Шегенова.

Ізденушілердің жас құрылымы өткен айда іс жүзінде өзгерген жоқ – ең белсенді категория – 16-35 жас аралығындағы жастар.

Өз түйіндемесінде сұралған жалақының ең жоғары мөлшерін көбінесе корпоративтік сектордың бас директорлары, инвестициялық жобалар жөніндегі директорлар және тауар биржасы бойынша трейдерлер арасында ізденушілер – орта есеппен 1,5 млн теңгеден, өнеркәсіптік альпинистер – 1,2 млн теңгеден, өнеркәсіптегі қызмет бастықтары – 900 мың теңгеден бастап көрсетті. Ал жұмыс берушілер капитанның вахталық көмекшілері үшін – орта есеппен 800 мың теңгеден, бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі басшылар үшін – 700 мың теңгеден, сондай-ақ бұрғылау қондырғысының механиктері мен өнеркәсіптік жабдықтардың механиктері үшін орта есеппен 664 мың теңгеден астам еңбекақы төлеуді ұсынды.

Осылайша, сәуірде алдыңғы айлармен салыстырғанда, ЭЕБ-да жұмысшыларды іздеу және жалдау үрдісінің өсуі байқалды. Ауылшаруашылық бизнесін жүргізу үшін қолайлы ауа райының басталуына байланысты еңбек нарығының маусымдық ерекшеліктері осы саладағы кадрларға сұраныстың артуына ықпал етті.

https://turkystan.kz/article/223074-elimizde-en-kop-suranyska-ie-mamandyktar-belgili-boldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.