Елбасы Астананың «жасыл белдеуінің» нысандарын аралап көрді

1 472

Мемлекет басшысы Елорда күні қарсаңында дәстүрлі түрде Астананың «жасыл белдеуін» тікұшақпен аралап, оның даму барысымен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл ел» жастар жасағының өкілдерімен бірге елорданың жасыл аймағына ағаш отырғызып, табиғатқа 150 қырғауыл ұшыру шарасына қатысты.

Қазақстан Президенті жастармен әңгімелесу барысында «жасыл белдеу» елорданы шаңды дауыл мен қарлы бораннан қорғау үшін табиғи тосқауыл ретінде жасалғанын еске салды.

– Орман – нағыз табиғи байлық әрі қолайлы тіршілік ортасын сақтаудың маңызды тетігі. Орман-тоғай қаладағы ауаны тазартып, ауа-райын жұмсартуға септігін тигізеді, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Астананың «жасыл белдеуінің» қазіргі жағдайы мен оны әрі қарай дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Жиынға Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев және Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин қатысты.

Қазақстан Президенті 20 жыл ішінде Астана төңірегінде табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйе қалыптасқанын атап өтті.

– Қала ішіндегі «жасыл белдеудің» аумағы шамамен 15 мың гектарды қамтиды. Елорданың үлгісімен бүкіл Қазақстанда ағаш отырғызу қарқынын арттырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев «жасыл белдеудің» және «Шортанды-Бурабай» шипажай аймағының орман-тоғайларын қосу жөніндегі ауқымды жұмыс алдағы жылдары жалғасатынын айтты. Атап айтқанда, Астана-Қарағанды және Астана-Шортанды тас жолдарының бойындағы бір мың гектардан астам жерге ағаш отырғызылатын болады.

Жиын барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа 1997 жылдан бері ағаш отырғызылған аумақтың жалпы көлемі 83 мың гектардан асқаны, соның ішінде биыл орман алқабы 5,5 мың гектар жерге көбейгені жөнінде баяндады.

Өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры А.Сағитов орманды зиянкестерден қорғау және отырғызылған ағаштар тамырланып кету үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтты.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне, сондай-ақ Астана және Ақмола облысы әкімдіктеріне елорда тұрғындары мен қонақтарының демалыс орындарын ұйымдастыру үшін жасыл аймақты одан әрі дамыту және орман алқабын пайдалану жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.