Ел ішінде 6 мың адам мәйіттік донор болуға келісімін берген. Мұны Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйрелстіру жөніндегі орталық мамандары айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
Qazaqstan арнасының мәліметінше, мамандар арнайы сауалнама да жүргізген. Бүгінде ағза трансплантациясы өзекті. Жыл сайын донор күткен 300-дей науқас отаға жетпей көз жұмады.
Астана тұрғыны Ермек Қалықбаев 2019 жылдан кешегі күнге дейін бүйрек дертімен арпалысқан. Ағза жарамсыз болғандықтан, дәрігерлер туыстық донор арқылы ота жасауға кеңес берді дейді. Бірақ, ол мәйіттік донорды күтуге бел буған. Биыл қыста оған мәйіттің бүйрегі сәйкес келіп, ота жасалды. Құлан таза айыққан ол, «халық мәйіттік донор мәселесіне селқос қарамаса екен»- дейді.
«Ауырғанымды да сезген жоқпын. Уақыт жоқ, ешқашан емделу дегенге қол тимейді. Звондаған кезде мен келдім. Бірақ, 5-6 адам болды. Бәрімізден анализ алынды», — деді қала тұрғыны Ермек Қалықбаев.
Елімізде мәйіттік донор арқылы жылына бар-жоғы 5-6 ғана ота жасалады. Трансплантологтың сөзінше, күту парағында тіркелген пациенттердің 80 пайызы бүйрекке зәру. Одан кейін жүрек, өкпе, бауыр, ұйқы безі мен көз қабығына мұқтаждар бар. Туыстары ағзасын берем десе-дағы, кедергі көп. Яғни, шылымға, ішімдікке әуес жандар донор бола алмайды. Ал, мәйіттік донор болуға келісітіндер жоқтың қасы.
«Ең басты проблема мәйіттік донордың жеткіліксіздігінен, яғни мәйттік трансплантацияның аздығы. Күту парағында тұрған пациенттердің барлығы доноры жоқ пациенттер. Күту парағында тұрғанның көбісі туысқаны бар болса да, келсіп, туысқаны берем десе де, басқа да факторлары бар. Мысалы, қан тобы сәйкес келмейді», — деді трансплантолог Мэлс Асықбаев.
Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығы мамандары да азаматтардың көбі көз жұмғаннан кейін ағзасын өзгеге беруге дайын емес екенін айтады. Бұл отандық транплантацияның оңалуына айтарлықтай кері әсер етеді деп отыр.
«Азия елдерін алсақ, мұсылман елдерінде Иран, Катарда 12-ден 20-ға дейін миллион адамға шаққанда. Қазақстан енді ең соңында демесек те миллион адамға 0,2 ғана. Жылына 6-7 ғана мәйіттік донор жасалады. Жылына 5-6 мәйіттік донор мәселені шешпейді. Сол себепті біз ел арасында қазір ағарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», -деді ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы басшысының орынбасары Назгүл Жылгелдина.
Қолданыстағы заңға сай, науқас донор болуға келісім берген күннің өзінде туыстарынан рұқсат сұрау міндетті. 90 пайыз жағдайда марқұмның жақындары оның шешімімен келіспей, бас тартады. Бір марқұмның ағзасы 7 жанның өмірін ажалдан құтқарады.
Дегенмен азаматтарды мәйіттік донор болуға ешкім міндеттемейді. Егер бұған келісім бергіңіз келсе, электрондық үкімет арқылы рұқсат беруге болады.
https://turkystan.kz/article/243974-el-ishinde-6-my-adam-m-yittik-donor-bolu-a-kelisimin-bergen