Екібастұз қаласында ер адам үйдің шатырына шығып, тоғызыншы қабаттағы балкон арқылы пәтеріне кірмекші болған. Алайда күнқағардың үстінде ұйықтап қалған, деп хабарлайды Павлодар облыстық полиция депаратаменті.
Полиция басқармасына Сәтпаев көшесі бойындағы үйдің тоғызыншы қабататында ер адамның балкон маңдайшасында жатқаны туралы хабар түскен. Патруль дереу оқиға орнына барған. Жедел жәрдем мен құтқарушылар да шақырылды.
«39 жастағы ер адам алдымен шатырға шыққан. Одан кейін балкон маңдайшасына секірген. Сөйтіп өз үйіне кірмекші болыпты. Бірақ кіре алмаған. Ол маңдайшаның үстінде жарты сағаттай жатқан», — дейді полицейлер.
Құтқарушылар ер адамды төмен түсірді. Ал полицейлер оны медициналық тексеріске алып барған. Сол кезде оның мас болғаны анықталды. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы, 3-тармағы бойынша хаттама толтырылды.
Екібастұз тұрғыны бұған дейін осыған ұқсас тәртіп бұзушылық үшін жауапқа тартылған. Сондықтан 5 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Барлық материал сотқа жолданды.