Жас мамандар жұмыссыз жүрмеуі тиіс
Дәл бүгінде жастарға жағдай жасаудың нақты механизмдері іске қосылған. Оған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң кепіл де, дәлел де бола алады. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы да жастарға қатысты нақты шаралар мен міндеттердің орындалуын көздейді. Бірақ, жастар мәселесі біздің облыста өз шешімін табуда ма, кейінгі буынның көсегесін көгертер келелі шаруалар біз ойлағандай жүзеге асырылып жатыр ма? Әңгіме осында.
Мәселен, жастар арасындағы бір ғана жұмыссыздықты сөз етсек, кісі көңілін көншітпейтін келеңсіздіктер көз алдымызға көлбеңдеп шыға келетіні рас. Өйткені, облыста жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан шаралардың ішінде кейбірі өз жүйесін таппай отырғаны жасырын емес.
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының белгілі бір нәтижелерге бағдарланған 10 индикаторлық көрсеткішінің алтауы, яғни, жастарды бос ваканттық жұмыс орындарына орналастыру, жастар тәжірибесіне тарту, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмылдыру, кәсіби оқудан өткізу, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, шағын несие алу секілді жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталған. Осы көрсеткіштер бойынша қол жеткізген межені меңзейтін сандарға үңілсең, аталған басқарманың жұмысын бас бармақпен бағалауыңыз мүмкін. Десе де, жыл сайынғы жоғары оқу орнын немесе колледж бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуын талдап көрейікші. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтеннің айтуынша, былтыр өңірдегі үш жоғары оқу орнын 3 557 түлек бітірген. Оның 2 978-і жұмыспен қамтылған. Бала күтімі, отбасылық жағдай, әскер қатарына алыну секілді себептермен 300 түлек жұмысқа орналаспаған болса, 279-ы нақты жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал, мемлекеттік тапсырыс бойынша колледж аяқтаған 3 944 студенттің 2 819-ы жұмысқа тұрған. Мысалы, мемлекеттік тапсырыс бойынша колледж бітіріп шыққан осы түлектердің жұмысқа орналасты деген 2 819-ын саралап келіп жіберсең, жұмыс орны арқылы шын мәнінде зейнетақы төлеу қорына тиісті жарнасын аударып отырғандары 1 958 ғана екені белгілі болады. Сонда қалған 861 адам қайда? Демек, бұл 3 944 колледж түлектерінің жартысынан көбі жұмысқа тұрмаған деген сөз. Осыдан кейін, жас мамандардың жұмыспен қамтылуы облысымызда қандай жолмен жүзеге асырылып жатқанын топшылай беріңіз. Бітіруші түлектердің қолына диплом алмай жатып, белгілі бір мекемеден «жұмысқа қабылдады» деген анықтама қағазын алу мақсатында әр ұйымның есігін қағып, таныс-тамыр жағалайтынының сыры осында жатқанын енді ұққандай болдық. Десе де, біз М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті облыстағы іргелі оқу орны болғандықтан арнайы қайырылып, осы мәселенің анық-қанығын білмек болғанымызда, университеттің кәсіби даму және карьера орталығының сектор жетекшісі Жанар Ибраймова кез келген студентке диплом аларда ондай қысастық жасалмайтынына сендіріп, ондай қатынас хатты жұмысқа тұрған студенттерден ерікті түрде болжам үшін сұрататындарын айтты.
– Биыл осы оқу орнын 1426 түлек бітірді. Оның көбісі қайда жұмысқа тұрғаны жөнінде диплом алардың алдында бізге сол мекемеден қатынас хат әкелді. Дегенмен, «оның саны пәлен» деп нақты кесіп айту қиын. Себебі, қазан айының соңы мен қараша айында бұл сандар қайта нақтыланады. Өйткені, жас мамандардың кейбірі басқа өңірге тұрмыс құруы, кейбірі жұмыстан шығып қалуы мүмкін. Былтыр диплом алған 1 510 студенттің 78,8 пайызы, яғни 10 082 түлек жұмысқа тұрды. Жалпы, біздің орталықтың жұмысының негізгі бағыты – студенттердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Мәселен, Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы мен кез келген мекеме бізге бос жұмыс орындарын ұсынады. Біз оны университеттің арнайы сайтына орналастырамыз. Сол арқылы студенттер жұмысқа тұра алады. Бүгінде өндіріс орындарынан бос жұмыс орындары көптеп ұсынылуда. Дегенмен, түлектердің дені ауылдық жерден ұсынылған бос жұмыс орнына барғысы келмейді. Әйтпесе, Сарысу, Мойынқұм аудандарының шалғайдағы ауылдарындағы мектептерден ұсынылған бос жұмыс орындар көп. Ал, сіз айтып отырған мәселе қисынсыз. Себебі, біз қанша түлектің жұмыспен қамтылғанын білу үшін олардан жұмысқа тұрғанда болжам үшін ғана анықтама қағазын сұратамыз. Бұл мемлекеттік грантпен білім алғандардың қаншауы жұмыспен қамтылғаны жөніндегі есепті Білім және ғылым министрлігіне жолдауымыз үшін қажет, – дейді Жанар Нұраханқызы.
Десе де, біз биыл М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің гуманитарлық – әлеуметтік ғылымдар факультетін тәмамдап, диплом алу үшін анықтамалық қағаз іздеп, әр мекеменің есігін бір қаққан Назерке Төленнің пікірін тыңдап көрдік.
– Бұл жағдай кез келген оқу орнында бар. Біз диплом аларда анықтама қағазын сұрап, мекемелерге барсақ, олар ат тонын ала қашады. Өзім ондай қағазды көп уақыт таба алмай қиналғанымда, дипломсыз қалам ба деп қатты қобалжыдым. Себебі, мұғалімдеріміз «жұмыс орнынан анықтама қағазын әкелмесең, мемлекеттік емтиханға кірмейсің» деп қорқытты. Топтағы 30 студенттің қазір 10-ы ғана нақты жұмыспен қамтылғанын білемін. Өйткені, олардың бірі анасының, енді бірі ағасының, бірі әкесінің жұмыс орнынан анықтамалық қағаз әкеліп берген болатын. Кез келген оқу орындарындағы «біз биыл пәлен студентті жұмыспен қамтыдық» деген мәліметіне сенуге болмайды, – дейді Н.Төлен.
Біз сараптап көргендей студент жастарды бос жұмыс орнына орналастырудың қазіргі сиқы осы. Тағы бір күдікті жайт, жалпы жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша облыс межені асыра сілтеп орындайды. Бірақ, биыл он ауданның ішінде бақандай бес аудан нақ осы индикаторды, яғни, жастарды бос жұмыс орнына орналастыруда талап үдесінен шыға алмады. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінде өңір жастарының саны 240 мыңнан асып жығылатын болса, жұмыссыздар саны 6 200-ді құраған. Бұдан бөлек, 2 200 азамат тұрғын болып тіркелмеген болса, 75 000 жас өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында. 44 мыңы әртүрлі кәсіппен айналысып жүргендер. Жоғарыда атап өткен жұмыссыз ретінде 6 200 жас тіркелсе, басқарма бір жылдың ішінде 12 003 жасты жұмыспен қамтимыз деп сенімді отыр. Соның ішінде алты айға межеленгені 5 405 адам болса, орындалғаны 5 732 көрінеді.
– Жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту межесін 106 пайызға орындадық. Бірақ, кейбір көрсеткіш бойынша аудандар талап үдесінен шыға алмады. Мысалы, 3 224 жасты ваканттық бос жұмыс орындарына орналастыру көзделгенімен, орындалғаны 2 586. Жамбыл ауданында 400 жасты бос жұмыс орнына тұрғызу жоспарланса, орындалғаны 120. Сол секілді көрсеткіш Жуалыда 190, Қордайда 145, Меркіде 159, Таласта 131, Т.Рысқұловта 174 адамға кем орындалды, – дейді Мәди Мейірбекұлы.
Біз аталған аудандардың жастар ресурстық орталығы директорларына хабарласып көріп едік, олар жоспарды орындау мүмкін еместігін алға тартып, жыларман болды. Соның бірі Т.Рысқұлов ауданының жастар ресурстық орталығының директоры Мерей Заурбеков.
– Біздің ауданға осы жылы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасынан 767 азаматты бос жұмыс орнына орналастыруымыз қажеттігі жөнінде тапсырма берілді. Дегенмен, жыл басында облыстық басқармаға бұл межені орындау мүмкін еместігін алға тартқанымызда, олар бұл аудандық жұмыспен қамту орталығының талпынып отырған ісі екенін айтты. Сондай-ақ, біз дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ азаматтарды іздеп тауып, біреуді жетектеп, біреуді сүйреп жұмыспен қамту орталығына әкеліп тіркеткенімізбен, ауданнан осыншама бос жұмыс орны шығады деген қисынға келмейді. Бар болған күннің өзінде ұсынылған бос жұмыс орнына олардың мамандығы сай келмеуі мүмкін. 6 айдың ішінде 355 бос жұмыс орнына аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 243 азаматты орналастырдық. Жыл аяғына дейін әлі 524 азаматты бос жұмыс орнына тұрғызуымыз керек. Ал, ауданда дипломы бар, жұмыссыз азаматтардың нақты тіркелгені – 97. Қалған адамды сонда мен қайдан табам. Қазір осындай санаттағы адамды іздеумен күн өтуде. Таба қалсақ жұмыспен қамту орталығы немесе аудандық кәсіпкерлік палатасына ертіп барамыз. Бірақ, жыл соңына дейін 524 бос жұмыс орнына адам тартуға мүмкіндігіміз бәрібір жетпейтіні анық. Сол себепті, жоспардағы межені мүмкіндікке қарай белгілеу қажет секілді, – дейді Мерей Рыскелдіұлы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестік бөлімінің бас маманы Әлия Сапашованың айтуынша, жастарды бос жұмыс орнына тұрғызу, кәсіптік даярлаудан өткізу, бизнеске тарту, жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналастыру секілді жұмыстармен олар тікелей айналысады екен. Бірақ, мекеме жас болсын жасамыс болсын, әйтеуір олардың жұмыспен қамту орталықтарына қайырылғандарымен ғана жұмыс істеуге құзыретті.
– Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының талаптарына сәйкес, жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдар өтініш білдірген жұмыссыз азаматтарды жұмыссыз ретінде тіркеуге алып, оларды әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларымен қамтамасыз етеді. Соның ішінде өтініш білдірген 16-29 жас аралығындағы жастарға басымдық беріледі. Осы жылдың 1- шілдесіне жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 29 жасқа дейінгі жастардан 6 400 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 3 948-і ауыл жастары, – деді бөлімнің бас маманы Ә.Сапашова.
Ауыл жастары демекші, жұмыссыздықтың санын еселеп арттырып отырған ауылдағы ағайындар не дейді деген оймен Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылының 22 жастағы тұрғыны Керімжан Абданбаевпен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Білімі жөніндегі құжаттан қолында тек 11 сыныпты бітіргені туралы аттестат қана бар ол үйленген, бір баланың әкесі, алайда, жұмыссыз. Одан не себепті жұмыссыз жүргенін сұрағанымызда, кәсіппен айналысқысы келетінін, бірақ ондай бақытқа апарар жолды табу қиынға соғып жатқанын айтты.
– Кеңес дәуіріндегі партия мен Үкіметтің мектеп бітіруші жастарды «Қой шаруашылығы – жастар ісі» деген секілді ұранмен ауыл шаруашылығы жұмыстарына комсомол — жастар бригадасын құру арқылы тартқанын үлкендерден талай естігем. Ол дәуірде ешкім жұмыссыз жүре алмаған. Қазір сол уақыттағыдай ауылдық жерде Үкіметтің мыңғырған малы, ауыл шаруашылығын жүргізетін техникасы жоқ. Өйткені, бәрі жекешенің қолында. Өндіріс орындары немесе басқа да салаларға жастардың жолдамамен баруы бар болса да сирек. Себебі, бұл нарық заманы. Бүгінде кім бәсекеге лайықты, соның аты озады. Кімнің кәсіпке немесе бір іске бейімі бар болса, соның жұлдызы жанады. Кейбіреулер осыған санасы жетіп тұрып, неге жұмыссыз, неге кәсіпсіз жүр деуі мүмкін. Мәселе мынада. Мен соқталдай болып бір мекеменің гүлін суғарып немесе шөбін шапқым келмейді. Дұрысы кәсіппен айналысу. Бірақ, оған қаржы қолбайлау. Мемлекеттік бағдарлама арқылы қысқа мерзімді курстан өтейін десем, несие алатын кезде оның маған берілмейтінін жақсы түсінемін. Өйткені, менің атымда кепілге қоятын жылжымайтын мүлік жоқ. Әкемнің баспанасын шығынданып, өз атыма аударғанымен, ол үй кепілге жарамайды. Осындай кедергілер болашағыма бөгет болуда, – дейді Керімжан Апбасұлы.
Иә, жастар жұмыссыздығы мәселесін зерттеу барысында бүгінгідей еңбек нарығында олардың алдынан кесе-көлденең тұрған көп кедергілер барын аңғардық. Жас кәсіпкерлерді қолдаудың аздығы, жоғары және арнаулы орта білім алған түлектерді жұмысқa орнaлaстыру жүйесінің дұрыс ұйымдастырылмауы, жұмыс беруші мекемелер жaс мaмaндaрдың еңбек өтіліне қарай саралайтындығы, тіпті, жастарды қоғамдық жұмыстарға жұмылдырудағы үгіт-насихат жұмыстарының әлсіздігі де түйіні тарқамаған түйткілге айналып отыр.
Біз шамамыз жеткенше зерделеп, айтарымызды айттық. Бұдан нәтиже шығару жауапты мекемелердің еншісінде. Әйтеуір, жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуы, ертең қылмыстық оқиғалардың көбеюіне әкеліп соқпаса болғаны. Сондықтан, сұлу сандарды сөйлетіп, статистика үшін көзбояу жасағанша, нақты жүйелі жұмысқа көшетін кез жеткен секілді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ