Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанның барлық зейнеткерлерін Қарттар күнімен құттықтап, аға ұрпақ өкілдеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбітшілік пен амандық тіледі деп хабарлады turkystan.kz.
«Аса құрметті зейнеткерлер, сіздерді шын жүректен Қарттар күнімен құттықтаймын! Аға буын өкілдеріміз – еліміздің алтын қоры, халқымыздың даналығы мен дәстүрін сақтаушылар, жас ұрпаққа үлгі көрсететін, өз істеріне берік, ақылшы данагөйлеріміз.
Қарттарға қамқорлық жасау мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Жыл сайын базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері артып келеді. Осы мақсаттарға бюджеттен 3 трлн теңге бөлінуде. Биыл зейнетақы төлемдерін екі рет индекстеу жүргізілді.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында зейнетақы төлемдерін арттыру жолдары көзделген. Бұл шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% – ға ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Тамара Дүйсенова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қарттарды қолдауға, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру мен қоғамдық өмірге тарту бойынша іс-шаралар әзірленуде.
«Елімізде 51 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, олар белсенді жұмыс істейді. Онда қарт адамдар қызығушылықтарына қарай түрлі дәрістер таба алады.
Құрметті ардагерлер мен зейнеткерлер, осы айтулы әрі тамаша мереке күні Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, амандық пен береке тілеймін! Қарты бар үйдің – қазынасы бар. Әр күндеріңіз жақсылыққа, жақындарыңыз бен туыстарыңыздың мейірімділігіне толы болсын», – деп Тамара Дүйсенованың ақжарма құттықтау сөздерінде айтылған.
https://turkystan.kz/article/198681-duysenova-elimizdin-zeynetkerlerin-karttar-kunimen-kuttyktady/