Дулати жастары – «Ең үздік актерлік ансамбль»!

395
Биыл облыстық халық театрлары фестивалі М.Әуезовтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. «Театр – өмір айнасы» атты өнер бәсекесінде 16 ұжым бақ сынап, үздіктері 6 номинация бойынша анықталды.
Екі күнге созылған халық театрлары фестивалінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Жастар театры» «Ең үздік актерлік ансамбль» атанды. Арнайы дипломмен марапатталған болашақ актерлар 100 мың теңге сыйақыны жеңіп алғанын айта кету керек.
Үздіктер қатарынан көрінген жас актерлардың өнерін әділ қазылар алқасы жоғары бағалады. Режиссерлік шешімдердің ұтымды шыққанын, актерлардың әр образды аша білуі, декорация… бәрі көпшілік көңілінен шығып, жұртты баурап алды. Осы тұрғыдан алғанда, арнайы 6 номинацияның ішінде үздік ұжымдық жұмысты көрсеткен театр труппаларына берілетін 3 аталымның бірі – «Ең үздік актерлік ансамбль» атағын жас актерлардың жеңіп алуы – үлкен жетістік! Әрі заңдылық! Себебі, Дулати университеті – бүгінде өңірде сұранысқа ие мәдениет саласының мамандарын даярлап отырған оқу орны! Қазір университет түлектері әр ауданда ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде табысты еңбек етіп жүр.
– Біз фестивальге М.Әуезовтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін апардық. Ешкім қоймаған қойылымды сахналадық. Басқа ұжымдардың қойып жүргені ескі нұсқасы.
Инсценировкасын жаңартып жаздық. Енді осы қойылымды алдағы уақытта университет сахнасына шығаруды жоспарлап отырмыз, — дейді мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.