Дінді біз ұстараның жүзіндей өткір деп жатамыз. Расында солай. Діннің дұрыс бағытынан жаңылмай, имандылық соқпағынан табылып жатсаң, ол сенің жетістігің. Ал дін деп ойлап теріс ағымның ықпалына берілер болсаң, оның соңы өкінішті жағдайларға алып барарын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Діннің шыңына шығамын деп, шыңырауына құлап жататындарға қарап, біз бұл мәселенің қоғамда әрдайым өзекті болатынын аңғарамыз. Бүгінде халықты теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау мақсатында теологиялық оңалту жұмыстары тек бостандықтағы азаматтар арасында ғана емес, түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілерге де жоспарлы түрде жүріп жатыр.
Осынау маңызды жұмысты жүргізіп отырған қызметкерлер өз білімі мен біліктіліктерін үнемі арттырып отыруы қажет. Осыған орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты мекемелердің теологиялық жұмысын ұйымдастыру тобының қызметкерлеріне арналған семинар өтті. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті жане Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасымен бірлескен жоспарға сәйкес өткен жиынды Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық тобының бас маманы, әділет подполковнигі Айгүл Танашева ұйымдастырды. «Дін мен мемлекеттің арақатынасы» тақырыбына арналған басқосуда Дін проблемаларын зерттеу орталығы басшысының орынбасары Байылхан Құлназаров ҚАЖ қызметкерлеріне маңызды мәліметтермен бөлісіп, құнды ақпараттар берді.