Димаш Құдайбергеннің ата-анасы 30 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Әнші Қанат Айтбаев желідегі парақшасына сүйіктісін қалай жолықтырғанын, ата – анасымен қалай таныстырғанын айтып берді, деп жазды turkystan.kz.
«Амангелді Сәндібаев ағамыз жетекшілік ететін «Жібек жолы» ансамблінің құрамындағы кезіміз. Екеуіміз де студентпіз, болашақ педагогпыз. Ағамызға өтініш жасап, менің туған жерім Ембіде тобымызбен концерт беретін болдық. Ойым ата-анама болашақ келінін көрсету… Қаламыздағы «Достық» мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ, халық лық толы.
Алдыңғы қатарда ата-анам, достары отыр. Концерт басталды. Сол кезде тыңдарманның құлағына сіңісті болған әндеріміз бірінен соң бірі орындалып жатыр. Бағдарланың ортасына келгенде «Келесі әнді орындайтын – Светлана Төлемісова. Қарсы алыңыздар!» деп хабарлап, сахна сыртына шығып кеттім. Үлкен баянын көтеріп, Света ортаға шықты. Үстінде талдырмаш, нәзік бойына қона қалған ақ көйлек киген.
Бота көздері күлімдей мөлдіреп, толқындана бұйраланып, иығына түскен шашы өзіне ерекше жарасып тұр. Микрофонын ыңғайлап алып, аспабының түймелеріне қол салды. Баянның сырлы үніне бұлақтың сыңғырындай әнші қыздың үні астасып, әсем ән төгіле жөнелді. Шәмшінің «Ақ ерке-ақ жайығы», алғашқы қайырмасынан-ақ залдағы халық таныс әнді қосыла шырқай жөнелді.
Сахнаның жақтау шымылдығынан жүрегім атқақтай соғып, ата-анамның жүзіне сығалай қарап тұрмын. Екеуі де ерекше мейіріммен күлімдеп отыр екен. Анамның қасында отырған құрбысы сахнадан көз алмай, анамның құлағына сыбырлап жатыр. Қимыл-қозғалысына қарасам, жағымды нәрсе айтып жатқан сияқты. Концерт аяқталды. Ансамблімізді үйге қонаққа шақырдым…
Меймандарды шығарып салған соң ас үйде қасында көмектескен болып, қипақтап жүрген маған анам жымиып «Топтарыңдағы әнші қыз әп-әдемі бала екен. Қасымдағы құрбыларым «Қанатжан дәу де болса, осы қызды таныстырайын деп әкелді-ау» деп жатыр. Солай ма?» деді.
Анамның жүзіне қарап, күлімдей беріппін. Жүрегім лүп-лүп… Арада екі-үш ай өткен соң ата-анам арнайы барып, болашақ құдаларымен танысып, уағдаласып, тойдың күнін белгілеп қайтты. Содан бері отыз жыл өтті. Құда-құдағилар өзара ең жақын, сырлас адамға айналды. Отбасымызда үш баламыз өмірге келді. Өмірде қол ұстасып, тату-тәтті бірге келе жатырмыз. «Меруерт тойымыз» құтты болсын, Светик. Ата-анамыз айтпақшы, өмірдің қызық, қуанышын тең көрейік», – деп жазды Қанат Айтбаев Instagram парақшасында.
https://turkystan.kz/article/231042-dimash-kudaybergennin-ekesi-zharyna-kalay-gashyk-bolganyn-aytyp-berdi/