Диқандардың жай-күйімен танысты

226

Қордай аудан әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев Қақпатас және Сарыбұлақ ауылдық округтерінің диқандарымен кездесіп, арпа мен бидай алқаптарын көріп, егін орағының барысымен танысып қайтты. Сапар барысында ауыл шаруашылық техникаларының жағдайын бақылап, жұмыс қарқыны жайы турасында шаруалармен сұхбат құрды.
Аудандағы үлгілі қожалықтардың бірі — «Қақпатас-Қордай» ЖШС (басшысы Д.Кошалиев) аймағымызда азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отырған іргелі серіктестік. Техникасы сай шаруашылық егін мен қатар мал шаруашылығын қолға алған.
Қазіргі таңда егін орағы қарқын алып, 300 тонна жаздық арпа мен 400 тонна күздік бидай қамбаға құйылған.
Сарыбұлақ ауылдық округінде 159 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың көбісі дәнді дақылдарды өсіруге ден қойған. 8608 гектар арпа мен күздік бидай ораққа түспек. Сонымен бірге бақша дақылдарын өсіру және көкөніс өсіру қолға алынған. Биыл көкөніс 700 гектарға, бақша дақылдары 270 гектарға егілген.
Көкөніс пен жидек өсіруді қолға алған «Надежда-1» ЖШС (басшысы К.Эм) негізінен құлпынай, пияз, қызанақ өсіреді. Бұл дақылдар көлемді алқаптарды алып жатыр. Жиналған өнім жергілікті базарларға саудаға шығарылады.
Сарыбұлақта қауын-қарбыз пісіп, жергілікті тұрғындардың көбісі өз алқаптарында
бақша дақылдарын жинауда.
15 гектарға қарбыз еккен «Салим»ШҚ (басшысы А.Мурадов) мол өнім алған. Ерте пісетін сұрыптар жаздың басында пісіп бастайды. Алқаптардағы қарбызды жинау жұмыстар тамыз айына таман аяқталмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.