Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте стратегиялық бағдарламаларды іске асыру және өңір тұрғындарына медициналық көмекті жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды.

Жиында басқарма басшысының орынбасары Лаура Отарбай республикалық тұжырымдама аясында әзірленген «Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалу барысы туралы баяндама жасап, құжаттың профилактикалық медицинаны дамытуға, скринингтер мен алдын алу тексерулерінің қамтылуын кеңейтуге, сондай-ақ созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға ерекше назар аударылып отырғаны айтылды, өйткені өңірде қатерлі ісіктерді бастапқы сатысында анықтау көрсеткіші республикалық деңгейден төмен. Бұдан бөлек, жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту, телемедицинаны дамыту, цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллект енгізу, ауылдық денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін нығайту және МӘМС жүйесімен қамтуды арттыру міндеттері айқындалды.
Кеңес барысында №5 қалалық емханасының бас дәрігері Динара Сәрсенова 2026 жылдың І тоқсанындағы бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының жұмысына талдау ұсынып, облыста 1,1 миллионнан астам тұрғынға қызмет көрсететін 29 ПМСП ұйымы жұмыс істейтінін жеткізді. Баяндамада кадр тапшылығы, профилактикалық іс-шаралардың тиімділігінің төмендігі және инфрақұрылымның тозуы негізгі мәселе ретінде аталып, медициналық көмектің сапасын арттыру үшін кадр саясатын күшейту, инфрақұрылымды жаңғырту, скринингтердің тиімділігін арттыру, сондай-ақ мейіргерлік қабылдау моделін енгізіп, мультидисциплинарлық тәсілді дамыту ұсынылды.
Өз кезегінде басқарма басшысының орынбасары Гүлзада Әшірбаева балалар өлім-жітімін төмендету бағытындағы жұмыстарға тоқталып, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жетекші мекеме ретінде дамуын жалғастырып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, төсек-орын қоры кеңейтіліп, орфандық аурулар мен жақ-бет хирургиясы орталықтары жұмыс істеуде. Сонымен қатар 24 үйлестіруші, 23 супервайзер және 302 патронаждық мейіргер даярланып, үздіксіз оқыту жүргізілуде. Ситуациялық орталық аудандық ауруханаларға қашықтан кеңес беруді қамтамасыз етсе, тәлімгерлік жүйе жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша балалар өлім-жітімін бақылау және тоқсан сайын талдау тетіктері енгізілгені де айтылды.
Кеңес соңында баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаева емдеу ұйымдарының баспасөз қызметтері жұмысына және медициналық мекемелердің әлеуметтік желілердегі белсенділігіне талдау жасап, ақпараттық жұмысты жетілдіру бағытында ұсыныстарын білдірді.
Жиын қорытындысында басқарма басшысы Сержан Назарбек қаралған бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмысын күшейту, скринингтермен қамтуды кеңейту, цифрландыру мен телемедицинаны дамыту тапсырылды. Сонымен бірге ПМСП қызметі бойынша кадрлық әлеуетті нығайту, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру және медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жаңғырту міндеттелді. Балалар өлім-жітімін төмендету бағытында тәлімгерлік жүйені одан әрі дамыту, аудандық ауруханаларға қашықтан кеңес беруді күшейту және мамандардың біліктілігін тұрақты арттыру жүктелді.
Сондай-ақ ақпараттық саясатқа қатысты медициналық ұйымдардың баспасөз қызметтерінің жұмысын жандандыру, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықпен байланыстың сапасын арттыру, басқарманың баспасөз қызметімен тұрақты өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, әлеуметтік желілердегі өтініштер мен шағымдарға жедел әрекет ету, кері байланысты күшейту және ақпараттық жұмысты жүйелеу тапсырылды.