Дәуреннің даңғыл жолы

438

Ол кезде Георгиевка ауылында қара жолда қызмет етуді мақсат еткендер жоқтың қасы еді. Тіпті, көптеген мектеп оқушыларының жолшы мамандығын таңдауға батылы жетпейтін. Осылайша, жас түлектердің басым бөлігі гуманитарлық мамандықтарға түсуді жалғастыра берді. Сөйтіп, тауымыз шағылғандай сенделіп жүргенімізде бір күні Серікбектіңұлы Семей қаласындағы колледждің біріне автомобиль жолдары және аэродромдор салу және пайдалану мамандығы бойынша оқуға қабылданғанын естідік. Сүйінші жаңалық ел арасына тез тарап кетті.

Артынан анықталды, кейінгі жастарды кінәлап, оңайға ұмтылатындар деп жазғырғанымыз бекер-ақ екен. Сөйтсек, Дәурен қатарлас біраз жігіттер сол кезде-ақ жолшы болуды армандап жүріпті. Десе де, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының тумасы Дәурен Хасенов қиындығы мол саланы таңдаған ауылымыздың тұңғыш қарлығашы еді. Өз басым жас жігітті осы бір таңдауы үшін ғана сырттай қатты сыйлап, тәнті болдым.

Осыдан соң, «Жігіт болсаң, Дәурендей бол!» деген сөзді іштей сан қайталадым. Себебі, өзге қатарластары құр қиялдап жүргенде, бұл жігіт туған өлкеде білім алып, қара жолда қызмет етуді құп көріпті. Кейін өмірдің қилы жолдарымен осы жігітпен аз-кем бірге жүрдік. Бұл жылдарды осындай асыл азаматпен етене танысып, жұмыстың қиындығы мен қызығына, жол саласындағы қым-қуыт тіршілікке қаныққандай болған кезең деп білем. Сол күрделі де түйін-түйін тірліктің ортасында жүрген Дәурен Серікбекұлының қызметі бүгін ойлап отырсам тіпті де, қиын, ауыр екен. Біздің жігіт жоғарыдан түскен ауыр салмаққа да, төменнен болып жататын зор дүмпулерге де мойымай қашанда әділ, турашылдығымен ағынан жарылатын, шындықтан таймайтын, соққыны қасқая тұрып қарсы алатын, ал көмек күткендерге қолын созатын.

Дәурен Хасенов бұл салада үлкен мектептен өткен, тәжірибесі толысқан, болашағынан зор үміт күттірген маман атана білді. Шығыста кіндік қаны тамған ол еңбекке жастайынан араласты. Кейін Семейдегі білім ордасын өз мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдады. Колледж қабырғасында автомобиль жолдарын салу, жобалау, жол құрылысында пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасын тексеру бойынша теориялық курстарды да сәтті аяқтады. Ал, «Семей жолдары» серіктестігінің жол зертханасында өндірістік тәжірибеден өтуі жас маманның қызмет жолындағы алғашқы баспалдағы еді. Міне, осылайша өз уақытын тиімді пайдаланған ол жол саласында біртіндіп тәжірибе жинақтай бастады. Нәтижесінде, 2010 жылдың 19 маусымында Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізін қайта салу жобасының аясында «К-Дорстрой» мекемесіне зертханашы болып жұмысқа орналасады.

Еңбек жолын ерте бастаған ол зертханашы боп екі жыл жұмыс істейді. Уақыт өте дәл осы мекемеде техник-лаборант, зертхана басшысы қызметін абыройлы атқарады. Ал, оның бұл жылдары Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолын қайта құру «Алматы-Өскемен» автожолын қайта жаңарту, Алматы қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта құру және «Қызылорда-Павлодар-Успенка-гр РФ» автомобиль жолын қайта жаңарту сондай-ақ «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолын қайта жаңарту жобаларында жемісті қызмет етуі өз алдына бөлек тақырып. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолы елімізде жол саласына серпін берген бірегей жоба десек және бүгіңде ой жіберсек: осы жетістіктердің бәріне де қол жеткізуде Дәурен секілді еңбекқор жігіттер мұрындық болып отырыпты. Ойлаймын: бұл жобаның іске асырылу барысын әлі еске алатын кез болады, сонда Хасеновтің мекенжайына талай рет алғыс айтатын боламыз деп.

Бір жыл бұрын өңіріміздегі Казавтожол ҰҚ жол пайдалану бөлімінде бас маман қызметінде болған оның биылдан бастап «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығында» материалдар бойынша инженер, зертхана меңгерушісі міндетін атқаруы оған артылған зор сенімнің нәтижесі еді. Жалпы алғанда, Д.Хасенов қоғамдық өмірге белсене араласып,
тәуелсіз Қазақстанның жол саласын дамытуда өзінің өмірлік бай тәжірибесімен атсалысып жүрген санаулы азаматтарымыздың бірі. Дәуреннің даңғыл жолы туралы осынау шағын дүниені қалың окырман кауым да қызыға оқыр деген үмітпен жас жігітке денсаулык, ел игілігі үшін әлі де талмай қызмет ете бер деген тілек айтамыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.