Астанада «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің алғашқы жиыны өтті. Іс-шараға 300-ден астам үздік спортшы қатысып, саладағы түйткілді мәселелер талқыланды деп хабарлады turkystan.kz.
«Дала қырандары», бұл – жастардың қарым-қатынасы мен олардың қоғамдағы әлеуметтік бейімделуіне арналған жаңа алаң.
Ұйым жетекшісі бірлестік бүгінгі күннің сұранысы бойынша құрылғанын айтты.
«Еліміздің спортшылары бірлесіп, «Дала қырандары» жастар қоғамдық ұйымын құрдық. Бұл бастамаға жыл басындағы келеңсіз оқиғалар, қазіргі жастар арасында нашақорлық пен маскүнемдіктің белең алуы, олардың теріс ағымдардың жетегінде кетуі себепші болды. «Дала қырандары» – жастарға арналған тәрбиелік алаң. Біз бүгінгі жас өрендердің болмысын «спортқа, елге» деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, әділеттік принциптерінің көмегімен қалыптастырмақпыз. Біздің мақсатымыз – белсенді жастардың басын бір шаңырақтың астында біріктіру және олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау, ел мен қоғам үшін игі істерге бастамашы болу», – деді Ербол Мырзабосынов.
Жиын барысында еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2014» және «Дала қыраны» титулдарының иегері Мұхит Тұрсынов, ММА шебері Артем Резников, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев саладағы негізгі кемшіліктер мен спорттық мансабында кездестірген қиындықтары жайлы бөлісті.
Ал Ербол Мырзабосынов спорттағы өзекті проблемаларды атап, оны жастармен бірге шешу үшін арнайы «Жол картасы» дайындалатынын атап өтті.
«Салада шешімін таппаған проблемалар көп. Түйткілді мәселелерді анықтап, оның шешу жолдарын осында жүрген азаматтармен, қарапайым халықпен бірлесіп, дайын жобаларды министрлікке ұсынуды жоспарлап отырмыз. Талантты жастарымызбен бірге «Жол картасын» әзірлеп, спорттың жақсаруына үлес қоспақпыз. Жүйелі проблемалар қатарында қаржылық мәселе, маман тапшылығы, заманауи дайындық әдістемелерінің жоқтығы, жемқорлық бар.
Одан бөлек, жыл сайын спортшылардың нәтижелері төмендеп барады. Бізде Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың саны азаюда. Қазақстанда спортқа деген көзқарасты өзгерту керек. Жазғы Олимпиада ойындарына 2012 жылы 115 спортшы қатысса, 2020 жылы 93 спортшы қатысқан. Ал қысқы Олимпиада ойындарына 2014 жылы 52 спортшымыз қатысса, 2022 жылы олардың саны 34-ке түскен», – деді ол.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта өңірлерде жастар жан-жақты дамуы үшін «Дала қырандарының» орталықтарын ашуды жоспарлап отыр. Соның бастамасы ретінде Астанада салынған алғашқы орталықтың құрылысы таныстырылды. Орталықта қала жастары үшін дәрісханалар мен кітапханалар, спорт залдары бар және спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік жасалған.
«Онда жастар тек спортпен шұғылданбайды, елдің қоғамдық өміріне араласып, білім алады. Біз мұндай ауқымды жобаны өз қаражатымызбен жасап отырмыз, елдегі кәсіпқой спортшыларымыз да қаржылай көмек беріп жатыр. Біз мемлекетпен бәсекеге түспейміз, бірақ қоғамның жаңа құрылымын, оның ең белсенді және шығармашылық бөлігін құрамыз», – деді ұйым жетекшісі.
https://turkystan.kz/article/209475-dala-kyrandary-ortalygy-eldegi-sport-meselesin-sheshe-ala-ma/