Бүгін футболдан Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елорданың «Астана» командасы сырт алаңда Черногорияның «Сутьеска» клубымен кездесіп, 2:0 есебімен басым түсті.
Соңғы жылдарда «Астана» еурокубок ойындарында сәтті ойын көрсетуде. 2015 жылдан бері Чемпиондар лигасында сынға түсіп келеді. Бір мәрте Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықса, қалған екеуінде плей-офф кезеңіне дейін жетті. Соның нәтижесінде екі жыл қатарынан Еуропа лигасының топтық кезеңінде ел намысын қорғады. Ендеше, қазақстандық жанкүйерлер өз командасынан жылдағыдай жоғары нәтиже күтетіні рас.
Бұл нәтиженің барлығы болгар маманы Станимир Стоиловтың қажырлы еңбегінің арқасында. Ол биыл еліміздің ұлттық құрамасы тізгінін ұстағанын көпшілік жақсы біледі. Оның орнына украин маманы Роман Григорчук келді. Біз бұл жайында бүгінгі кездесу жөніндегі шолу барысында кеңірек тоқталған болатынбыз.
Енді ойын барысына келсек, алғашқы кездесу 1:0 еебімен елордалық клубтың жеңісімен аяқталды. Сондықтан бұл матч тартысты өтетіні айқын еді. Астана уақытымен 00.00-де басталған кездесуде қарсыластар біздің команда қақпасы маңына лап қойған еді. Бір сәтте «Астана» қақпашысы Ненад Эрич төнген қауіпке лайықты тойтарыс бере білді. Дегенмен біздің жігіттер олардың қарқынын тезірек баса білді. «Сутьеска» бас бапкері Никола Ракоевич өз шәкірттері арасынан Владан Гильен, Дарко Булатович, Стефан Цицмил, Неманья Недич, Марко Четкович, Стефан Лончар, Стефан Стефанович, Милош Вучич, Марко Вучич, Лука Мердович, Шалета Кордич сынды фтболшыларға сенім артты. Ал Роман Григорчук алғашқы минуттан «Астана» сапында Ненад Эрич, Антонио Рукавина, Марин Аничич, Евгений Постников, Дмитрий Шомко, Ласло Кляйнхайслер, Серікжан Мужиков, Марин Томасов, Иван Маевский, Джордже Деспотович, Роман Муртаазевты шығарды. «Астана» фтболшылары ойын барысында көбірек допқа иелік етті. 6-минутта «Сутьеска» сапынан Марко Вучич қақпа бұрышына баспен ұрған еді. Бұл сәтте Ненад Эрич орнынан табылды. Ал 8-минутта астаналық жартылай қорғаушы Ласло Кляйнхайслер алыстан доп теуіп, қарсылас команда қақпашысының шеберлігін тексеріп көрді. Кездесудің 23-минутында Марин Томасов гол соққан еді. Оны португалиялық бас төреші Жоау Педру Пиньейру офсайдтан соғылған деп есептемей қойды. Одан кейінгі сәттерде қос команда да шабуыл шебіне шығып, қақпаға гол соғу мүмкіндігін іздеді.
«Астана» өзінің дегеніне 38-минутта жетті. «Сутьеска» қақпасы маңында біздің жігіттер шабуыл ұйымдастырды. «Астана» шабуылшысы Джордже Деспотович черногориялық қорғаушыны алдап, қақпаға дәл бағыттады. Ал «Сутьеска» қақпашысымен бетпе-бет шыққан Марин Томасов допты оның үстінен асырып жіберуге ниеттенді. Асыра тепкен добы қақпадан жырақ кетті.
Екінші кезең негізінен «Астана» басымдығымен өтіп жатты. 65-минутта олар есепті үстемелей түсті. Елордалық клуб футболшылары шабуыл ұйымдастырды. Бұл сәтте Серікжан Мужиков мергендік танытып, есепті 2:0-ге жеткізді. Ал 67-минутта «Сутьеска» да есепті қысқартуға мүмкіндік алған еді. Оны алаң иелері өз пайдасына жарата алған жоқ. Ойын осы есеппен аяқталды.
«Астана» жарыстың келесі кезеңінде Данияның «Мидтьюлланн» клубымен кездеседі. Бұл ойындары 24 шілде және 1 тамыз күндері болады.
19-шілдеде Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуі өтеді. Алматының «Қайраты» Андорраның «Энгордань», Павлодардың «Ертісі» Литваның «Тракай», Қостанайдың «Тобылы» Грузияның «Самтредиа» клубтарын өз алаңдарында қабылдайды. Барлық кездесу «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі.