
https://turkystan.kz/article/262835-butin-bir-otbasy-ulangan-petropavlda-mindetin-durys-atqarmagan-medbike-sottaldy
Солтүстік Қазақстан облысында бір отбасының улануына байланысты алғашқы медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсетпеген медбикеге үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот оны кәсіби міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін кінәлі деп танып, екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған үш жылға медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Моральдық шығын ретінде 10 миллион теңгені медбике жұмыс істеген аудандық ауруханадан өндіру туралы шешім қабылданды.
«Әрине, балаларымды ешкім қайтармайды, бірақ әділдік орнауы тиіс. Медбике салғырттық танытты. Егер көмек уақтылы көрсетілсе, бәлкім балаларымды аман алып қалуға болар еді», – деді қаза тапқан балалардың анасы Галина Коваленко.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың маусым айында болған. Дүкеннен сатып алған тамақтан бес адамнан тұратын бүтін бір отбасы уланған. 6 жастағы қыз бала мен үш жастағы ұл баланы аман алып қалу мүмкін болмаған. Отбасында тек әкесі, анасы мен үлкен ұлы ғана аман қалған.
Сараптама нәтижелері балалардың нитриттен уланғанын көрсетті. Отбасы тұтынған өнімдерден стафилококк анықталды.
Отбасы шақырған медбике тек асқазанды шайып, белсендірілген көмір ішуді ұсынған. Медициналық сараптама көрсеткендей, егер көмек дер кезінде көрсетілсе, балалардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болар еді.