БЮДЖЕТ НАҚТЫЛАНДЫ

781

 

Облыстық әкімдікте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXVІ сессиясы өтіп, күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Алдымен облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, 2018-2020 жылдарға арналған облыс бюджеті нақтыланды.

Гүлдана Әлімжанқызы облыстық бюджетті нақтылау жобасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін, 2018 жылға арналған Елбасының халыққа Жолдауын және Елбасымыз ұсынған бес әлеуметтік бастаманы негізге ала отырып қалыптастырылғанын атап өтті.

– Облыстық бюджет шығындары негізінінен мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесінде үнемделген қаражатпен және облыстың өзіндік кірістерінің 1,1 миллиард теңгеге өсуіне байланысты қарастырылды. Облыс әкімінің аппаратына 56 миллион теңге, облыс әкімдігі қаржы басқармасына 14,4 миллион, қысқы мезгілді жолдарды күтіп ұстауға облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  басқармасына 10 миллион теңге, IT-лицей және Талас ауданына оқулықтар сатып алу мақсатында облыс әкімдігі білім басқармасына 324 миллион теңге бөлінді. Ал, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы 46 миллион, денсаулық сақтау басқармасына 75 миллион, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 275 миллион теңге қарастырылып отыр. Сол секілді облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына 25 миллион, еңбек инспекциясы басқармасына 1,5 миллион теңге, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына 6,3 миллион теңге, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына 96 миллион теңге, турзим басқармасына 24 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің ветеринария басқармасына 3,8 миллион, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 22 миллион, сәулет және қала құрылысы басқармасына 21 миллион, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 8,4 миллион, ауыл шаруашылығы басқармасына 98,8 миллион теңге бөлінді, – деді Г.Жауынбекова.

Келесі кезекте Тараз қаласының көшелеріне және шағын аудандарға атау беру мәселесі бойынша облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова хабарлама жасады. Сұлушаш Сәтбекқызы бірқатар кемшіліктер Тараз қаласы әкімі мен облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен қаралып, жете зерделенгенін, нәтижесінде 2 шағын аудан және 38 көшенің аты алынып тасталғанын жеткізді.

Күн тәртібінде өзге де бірқатар мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.