https://turkystan.kz/article/263220-buryngy-enbek-zane-xalyqty-aleumettik-qorgau-vice-ministri-ustaldy
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті, бұрынғы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі “Еңбек ресурстарын дамыту орталығы” АҚ басшысының ұсталғанын растайды. Министрлік тергеу органдарына белгіленген тәртіппен көмек көрсетуде. Тергеу барысына қатысты барлық сұрақтар уәкілетті органдардың құзырында», – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Ақмәди Сарбасов 1977 жылғы 4 қазанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Еуразия гуманитарлық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әр жылдары ҚР Әділет министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдарында жұмыс істеген. 2017 жылдан 2019 жылдың сәуір айына дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы болған. 2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың маусымына дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған. 2020 жылдың маусымынан 2025 жылдың сәуіріне дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметін атқарды.
2025 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті.