БОС УАҚЫТТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮРГЕН ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР АНИМАЦИЯЛЫҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕР ҚҰРАСТЫРЫП ШЫҒАРУДА

246

Жамбыл облысы Меркі ауданының «Үміт» оқушылар сарайында «Аватар» мультипликация үйірмесінде қосымша білім алатын оқушылар 2 мультфильм құрастырып шығарды. Аталған мекемеде анимациялық мультфильмдер жасайтын жалғыз үйірме екі жыл бұрын жұмысын бастаған.
Оқушылардың айтуынша, анимациялық мультфильмдердің негізгі идеясы – ертегілерді, қазақтың салт-дәстүрі мен өнерін, мәдениетін бүлдіршіндерге түсінікті әрі қызықты түрде жеткізіп, қазақ тілін насихаттауға бағытталған.
Бір мультфильмнің ұзақтығы 4 минутты құрағанымен, бұл туындыны жасау үшін оқушылар 4-5 ай еңбектенеді. 150-ге жуық суреттер салады.

«Мультфильм жасап шығару — оңай іс емес. Алдымен сценарий жазылып, оқиға желісі бойынша бір оқушы қағаз бетіне суреттер салса, актерлық шеберлігі бар оқушылар дауысын дыбыстап, таспаға түсіреді. Ал, келесі бір оқушы барлық материалдарды біріктіріп, бейне құрастырады»,- дейді аталған үйірменің оқушысы Аслан Жапсархан.

«Бос уақыттарын тиімді пайдалануға тырысып жүрген қиялы ұшқыр, озық ойлы оқушыларымыздың талпынысы көңіл қуантады. Бүгінде мультфильм түсіруге қызығушылық танытқан ауыл оқушыларының саны да күннен-күнге арта түсуде. Мультипликация үйірмесінде балалар бос уақытын тиімді пайдаланып қана қоймай, кәсіптік бағдар алады. Болашақта оқушыларым – мықты кино режиссерлер, кәсіби операторлар, сценаристер, аниматорлар болатынына сенімім мол. Қазіргі таңда, «Бауырсақ» және «Наурыз хикаясы» атты мультфильмдеріміз жарыққа шыққан. Биыл 7 туындыны жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз»,- дейді үйірме жетешісі Асан Алтынбеков.

Айта кетерлігі, дарынды балалардың ендігі жоспары 3D принтердің көмегімен жаңа мультфильмдерді жарыққа шығару.

Leave A Reply

Your email address will not be published.