«Борышын өтегісі келмеген»: сарбаз психикалық орталықтан бір шықты

154

Ақтөбедегі 66/55 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген 24 жастағы сарбаз қазір облыстық психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатыр. Кейін оны үйіне қайтару актісі толтырылады деп хабарлады turkystan.kz.

ҚазАқпараттың мәліметінше, қазіргі кезде 66/55 әскери бөлімінде тіркелген жағдайға қатысты жан-жақты зерделеу жұмысы жүріп жатыр.

«66/55 әскери бөлімінің сарбазы қазір бізде ем қабылдап жатыр. Ата-анасының айтуынша, ол бұрыннан тұйық, көпшілік ортаны ұнатпайды. Шынымен де жігіт ортасымен араласпайды. Сондықтан мінез-құлқына байланысты үйіне қайтарылсын деп акт толтырып береміз. Оны ғылымда социофобия деп атайды. Ол сарбаз тіпті көпшілікпен бірге тамақ та ішпеген. Өзге ақпаратты бере алмаймыз. Құпия болып есептеледі»,- деді Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталық бас дәрігерінің орынбасары Г.Уразова.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі осы оқиғаға қатысты түсінік берді.

Жас жігіт әскери қызметке келген күннен бастап ешкіммен араласпаған, өзгелерден жырақ жүрген.

Оңтүстік өңірінің тумасы ата-анасымен хабарласқан кезде де сөзге өте сараң болған. Сұраққа бір сөзбен ғана жауап беріп отырған.

«Әскери бөлімдегі психологтың бақылауы барысында жауынгерлік, дене дайындығы сабақтарынан бас тартып, әскерге өз еркімен келмегенін айтқан. Әрі қарай да әскери борышын өтегісі келмейтінін жеткізген. Сұхбат кезінде сарбаз психологиялық ауытқуы бар екенін айтып, өзін психиатр дәрігерге қаратуын өтінген. Психокоррекциялық жұмыс пен жеке әңгіме кезінде әскери қызметшінің жағдайы жақсармады. Осыған байланысты №3 қалалық емханасының психиатрына консультацияға жіберілді. Психиатр қарап, әскери қызметшіні тексеру және емдеу үшін облыстық психикалық денсаулық орталығына жіберу туралы шешім қабылдады. Биыл ол 19 сәуірде «Бейімделудің бұзылуы» деген диагнозбен ауруханаға жатқызылды. Сол сәттен бастап ауруханада ем алып жатыр. Қазіргі таңда әскери қызметке жарамдылығын тексеру үшін әскери медициналық комиссиядан өткізу жоспарланып отыр», – деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

https://turkystan.kz/article/223486-boryshyn-otegisi-kelmegen-sarbaz-psihikalyk-ortalyktan-bir-shykty/

Leave A Reply

Your email address will not be published.