Бүгінгі таңда, ауданда күн тақырыбынан түспей келе жатқан мәселенің бірі — салық берешектері болып тұр. Қазіргі күні бұл бағытта ілкімді жұмыстар атқарылуда. Борышкер тұтынушылардан берешекті өндірудің істі алға жылжытуға қосары мол.
Аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы полиция қызметкерлері және жеке сот орындаушылармен бірлесіп жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салығынан қарызы бар жеке тұлғаларды төлемге тарту мақсатында, «Борышкер, мемлекетке қарызыңды төле!» акциясын өткізді.
Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, «Борышкер, мемлекетке қарызыңды төле!» акциясы жергілікті тұрғындар мен мамандар арасындағы байланысты жандандыра түскен. Халықтың мемлекетке берешегін өтеу – парыз екенін терең түсінген.
Эльмира Мамраимова, аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі:
— Акция аясында іс-шаралар жоспары жасалып, бүгінгі аталмыш шара жүзеге асырылды. Бүгінгі таңға, бірқатар айыппұлдары бар және мемлекеттік салықты төлеуден жалтарып жүрген борышкерлермен борыштарын өтеу бағытында жұмыстар атқарылды. Аталған іс-шара жергілікті тұрғындар мен мамандар арасындағы байланысты жандандыра түсті. Бүгінгі жүргізген іс-шараның нәтижесінде бюджетке 0,38 миллион теңге берешек салық сомасы өндірілді.
Автокөлік құралдары бойынша борыштарды өндіріп алу тиімді шаралардың бірі болып табылғандықтан, рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта өз жалғасын таппақ
Нұрболат СҰРАНШИЕВ