БӨЛТІРІКТІҢ КІСІЛІК КЕЛБЕТІ

31

Ұстаздың еңбек жолы ұлағатқа толы болады. Өйткені ол аяғын апыл-тапыл енді басқан, «Әліпті таяқ деп білмейтін» жеткіншекті «тарыдай кезінде мектебіне қабылдап, таудай қылып» өмір жолына дұрыс бағыт сілтейді. Қолына қаламсапты қалай ұстауды білмей келген баланы ақпараққа маржандай төгілтіп жазатын, том-том кітапты оқитын, әлем картасын танып білетін, есептің неше атасын семішкеше шағатын жағдайға жеткізіп, ғылым мен білімнің жолына салады.
Бұл – ұстаздар қауымының еңбегіне бұрынғы шәкірті ретінде берген аз-кем бағам ғой. Ұстаздар туралы ұлылар да айтқан, даналар да ой толғаған, көсемдер де көсілген. Қарапайым еңбек адамының өзінің ұстазы туралы айтары аз болмаса керек.
Әрине, ұстаздың да ұстазы бар. Бәрін бірдей ұлық санасақ бәлкім қателесерміз де. Ал, енді ұстаздардың ұстазы болып, шәкірттеріне ондаған жылдар ұлағат сыйлаған, Игіліктей көшелі ауылдың тарихы тереңнен тартатын іргелі мектебін табаны күректей отыз бес жыл басқарған, алдынан уақытынан озық туған жүздеген шәкірттерді тәрбиелеп ұшырған, шәкірттерді былай қойғанда мұғалімдердің өзінің бірнеше толқынын тәрбиелеп, шыңдаған, кәсібін сүюге, ұстаздық ұлық атқа лайықты болуға баулыған Бөлтірік Шәмшіұлы Ильясовтай тұғырлы азамат туралы әңгімелеудің өзі бір ғанибет қой деп ойлаймын.
Бөлтірік Шәмшіұлы осы Игілік ауылында қарапайым, еңбекқор кісілердің отбасында дүниеге келді, тәрбиеленді, өсті. Әкесі Шәмші мен анасы Алтынкүл құдайына қараған, кісінің ала жібін аттамайтын адал, ағайын-туыс, көрші-қолаңға қадірі бар, иманды кісілер еді. Өмірге егіз болып келген Бөлтірігі мен Қаламқасын алақандарына салып, әлпештеп тәрбиеледі, жастайынан еңбекке баулыды, қатарынан кем қылмай оқытты. Әкесі Шәмші жәй, қатардағы малшының бірі болған жоқ, «Еңбек Қызыл Ту» орденді шопан ретінде елге танылды. Жиындардың төрінде отыратын. Ал, Алтынкүл апамыздың дастарханы жиылған емес, әйтеуір «қос құлыныма бір шапағаты тиер» деп жақсылардың батасын алу үшін ешнәрсесін аяп қалмайтын. Отағасы болса «Бөлтешіңіздің өмір жасы ұзақ болсын» деп бата бергендерге бір тоқтысын жетектетіп жі-беруден тайынбайтын мәрттігі де бар болатын.
Алдын ала айта берейін, әке мен ананың сондай мейірім-шапағатымен өс-кен Бөлтірік пен Қаламқас жаман болған жоқ, өсті, өнді, білім алды, өз кәсіптерінің білгірлері болды.
Өмірден ойып тұрып өз орнын табу, таңдаған кәсібінің шыңына шығу, ұстаздық етіп қырық екі жыл үздіксіз еңбек ету, оның отыз бес жылында бір мектепте табан аудармай директор болу екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ шығар. Бақ дейміз ғой, сол бақтың өзі оңайлықпен келе салатын дүние ме, деген сұрақ та туындайтыны заңды.
Рас, мінез-құлқы әр түрлі, білім қабылдауы әр қалай жартымыңнан аса бала оқитын, жүзден аса мұғалім еңбек ететін үлкен мектепке бір жыл емес, бес жыл емес, он жыл емес, отыз бес жыл басшылық ету оңай шаруа еместігін көзі қарақты оқырман түсінетін шығар деген ойдамын.
Пендеміз ғой, қай кезде болмасын басшыға сын көп болған. «Өйтпей ме екен, бүйтпей ме екен» деп ләп еткізіп айта салатынымыз да бар. Ондай жел сөзді құлағымыз естімепті. Рас Бөлтіріктің сол директорлық еткен отыз бес жылында, несін жасырамыз, куә да болған емеспіз. Бірақ бір адамның артынан, бір басшының соңынан сөз ермесе, осы біздің кейіпкеріміз болар.
Неге дейсіз ғой. Бөлтірік директорлыққа үлкен дайындықпен келді. Оның үстіне отбасынан алған ұлағаты да аз емес болатын. Бірер жыл Сарысу ауданының Досбол ауылындағы орта мектептен алғашқы еңбек жолын бастап келгеннен кейін Игілік ауылындағы өзіндік тарихы, қалыптасқан дәстүрі бар Коммунар орта мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырды. Бұл арада ынтымағы жарасқан ұстаздар ұжымының жас кадрға мықты ықпалының болғандығын айта кетуміз керек. Оның үстіне сол кездегі аға буын мектеп директоры Асқарбек Ермекбаевтың, оқу ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасарлары Жанысбек Наханов, Тұрар Төлегенов, Гүлтабиға Сақтапбергенова байырғы ұстаздар: Түспек Оспанов, Аманкүл Нұрланова, Рыстан Жанбеков, Әбдірәлі Бұзауов, Әшірхан Айтжановтардың үлкендік өсиеттері, мол тәжірибелері Бөлтіріктің бұдан былайғы табысты, жеңісті еңбек жолына игі ықпалын тигізді.
Ол ұстаздық еңбек жолының көп жылын осы Игілік ауылындағы елуінші жылдарда ыңғайластырып салынған қарапайым мектеп ғимаратында өткізді. Әрине, балаларға терең білім, сапалы тәрбие беру үшін ең алдымен материалдық-техникалық базаның мықты болуы шарт. Басшының ұйымдастыру қабілетінің, іскерлігінің, ізденімпаз-дығының және «жоқтан бар жасай алатын» әбжілдігінің арқасында сондай ғимаратта оқыған балалардың ешқайсысы көштен қалып көрмепті. Ұстаздары да аудан көлемінде өз пәндері бойынша жақсылардың қатарынан көрініп жүрді. Қарапайым ғимарат қашан көрсеңде тап-тұйнақтай таза қалпында оқушылардың бақыт мекеніне айналған еді. Мұның барлығы айналып келгенде, басшының талапшылдығынан, ұжымды соңы-нан ілестіре білетін қасиетінен, баланың тілін балаша меңгерген, ұстаздың тілін ұстазша бойына сіңірген қарапайым қасиетінен болса керек.
Бөлтірік Шәмшіұлы бір сөзінде:
–Ұстаздар шығармашыл, ізденім-паз, шәкірттерге деген ілтипаты мен берері мол болса, бұл оқушылардың бақыты. Балалардың арасында жүріп, олардың қуанышы мен жеткен жетістіктеріне куә болу, соған үлес қосу — ұстаздардың ең үлкен жетістігі. Әрбір оқу жылының өз міндеттері мен талаптары болады. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға бірінші кезекте отансүйгіштік қасиетті сіңіруіміз қажет. Мектептің жақсылығы, нәтижелі болуы – ол ұстаздар қауымына тікелей байланысты. Оқушылардың мектепке күліп кіріп, күліп шығуы — ұстаздар еңбегінің айқын көрінісі. Сондықтан, бүгін мектепке келген балалар мен олардың ата-аналарына мектеп талаптарын түсіндіріп, баланың білімді және тәрбиелі болуына күш салуымыз керек,– дегені есімізде.
Бұны – ұстаздардың ұстазы болған ұлағатты адамның өзек жарды өсиеті деп қабылдадық. Бөлтірік Шәмшіұлы ұстаздықтан қол үзбей жүріп, ұзақ жылдар мектебін жемісті басқара жүріп, қоғамдық өмірден, елдік тіршіліктерден ешқашан сырт қалған емес. Басқасын былай қойғанда аудандық мәслихаттың бес шақырылымында үздіксіз депутат болып сайлануы ауыл тұрғындарының ол азаматқа көрсеткен зор сенімі деп қабылдағанымыз жөн.
Басқасын айтпағанда Игілік ауылдық округінде оның арала-суынсыз бір де бір күрделі мәселе шешімін тапқан емес. Өзі бәленбай жыл директор болған мектебінің жай-күйі де оны толғандырмай қойған жоқ. Келген-кеткен талай лауазымды басшылардың алдына мәселе етіп қойып, аудандық мәслихаттың сессияларында бірнеше рет көтеріп жүріп Игілік ауылында жаңа заманға лайықты мектеп салдыруға қол жеткізгенінің өзі неге тұрады. Біткен іске еге көп. Әрине бұл игілікті шаруаға талай адамның шапағатының тигені де рас болар. Әйтседе Бөлтірік Шәмшіұлының мектеп салдырудағы еңбегінің бөлек болғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Сол кездегі Жамбыл облысының әкімі, көрнекті мемлекет қайраткері Бөрібай Жексенбиннің өзі келіп қатысқан мектептің ашылу салтанаты осы ауыл тұрғындарының ортақ қуанышына айналғанын елді мекеннің егде тұрғындары күні бүгінге дейін жыр қылып айтады. Жан-жағы көкке оранған әсем мектеп бүгінде ауылдың көркіне көрік қосып тұрғандай.
Бұл арада деректер мен дәйектерге жүгінер болсақ Игілік ауылындағы Шоқай Датқа атындағы орта мектепте атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей етіп айтып шығуға болар еді. Қанша бала алтын медальға, қанша бала күміс медальға, үздік аттестатқа бітірді, оқушылардың ішінен аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда қаншасы жеңімпаз болды, ұстаздардың құрметті атақ алғандары кімдер, осылардың барлығы туралы әңгімелесек, жазбамызға біраз орын керек болар еді. Бұлар туралы деректер бар және мол деп айтуға болады. Оның барлығының артында білікті басшы, ұлағатты ұстаз Бөлтірік Шәмшіұлының орасан зор еңбегінің тұрғандығын біз жақсы білеміз.
Жоғарыда бір сөзімізде Бөлтірік Шәмшіұлының елдік шаруалардың қалың ортасында жүретіндігін айтқан едік. Жалпы ұстаз деген халық – жан-жақты білімді, туған жерінің өткені мен бүгініне бей-жай қарамайтын белсенді қауым. Біздің кейіпкеріміз де сондай. Осы ауылдың негізгі жұмыс беруші мекемесінің басшысы ретінде тұрғындардың қуанышы мен жиын-тойының ортасынан табылады. Әрине, қайғысына ортақтасады, қиналғандарға қиыннан қиыстырып көмек қолын созады. Оның бәрін бұл арада санамалап айтып жатудың қажеттілігі бола қоймас.
Қаратау өңірінде он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген, халқына қалтқысыз қызмет еткен Шоқай датқа Қарабекұлының 200 жылдық мерекесін кең көлемде атап өтуді ұйымдастыруға белсене қатысқан азаматтың бірі – осы Бөлтірік Шәмшіұлы. Саудакент пен Жаңатастың қақ ортасындағы қырдың басынан тұрғызылған сәулетті Ысты-Тілік баба ескерткішінің тұрғызылуына ниеттес, тілектес болған топтың арасында да оның еңбегі зор болды.
Қазақта «Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» деген жақсы бір сөз бар. Осы бір нақыл қарап отырсаң Бөлтірікке қарата айтылған сияқты. Өйткені еліңде «кімің бар» дегенде алдыңнан арсалаңдап осы Бөлтіріктің бейнесі шыға келетінін сол елдің бір қызы, келіні бола жүріп жерлес азаматтардан талай естігенім бар.
Еңбегіне қарай құрметі деп жатамыз ғой. Бөлтірік Шәмшіұлының ұстаздық, басшылық, қоғамдық қызметі ескерусіз қалған емес. Сыйдың, атақтың үлкені – оның ел алдындағы абырой-беделі. Бала шағында «Бөлтеш» атанып, Шәмші қария мен Алтынкүл апаның ерке баласы болған ол бүгінде «Бөке» болып жерлестері аттан түсіп сәлем беретін ел ағасына айналды. Ол Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медальдарының иегері. 2013 жылы ұлағатты ұстаз Сарысу ауданының Құрметті азаматы атанды.
Бүгінде жетпіс деген жоталы жасқа келіп, құдай қосқан қосағы ардагер ұстаз Сырғакүл Маханбетовамен бірге алты ұл-қыз тәрбиелеп, олардан он алты немере сүйіп, отбасылық бақытқа кенеліп отырған жағдайы бар.
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, ұстаздық ұлағатын өскелең ұрпаққа беріп, қоғамдық өмірдің қайнаған ортасынан табылып жүрген Бөлтірік Шәмшіұлы Ильясов сияқты асыл азаматтың алдағы уақытта да ортамызды толтырып, отбасылық бақытының ләззәтін сезініп жүре беруіне тілегімізді білдіреміз. Жасай беріңіз жақсы аға!
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА
«ҒҰМЫР–ДАРИЯ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.