БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, МІНЕЗІ ЕРЕК НЕСІПБЕК ДӘУТАЙҰЛЫ!

99
Болмысы бөлек, мінезі ерек классик жазушы Несіпбек Дәутайұлы тірі болғанда бүгін 77 жасқа толар еді. Өкінішті әрине, бүгінде ол кісі арамызда жоқ. Алланың жазуы сол шығар, ағамыз бұл күнге жете алмады.
Несіпбек ағаның көзін көрдік, тәлімін алдық. Он бес жыл қасында болдым, жиі сырласып, әңгімелесуші едік. «Адамды адам өмір бойы жетелеп жүре алмайды. Адам өз бетінше қалыптасып үйрену керек. Кітапты ұстаз санау керек. Біреудің айтқан ақылынан адам ақылды боп кетпейді. Кітап болғанда да жазғанын өзінен басқа, отбасынан басқа ешкім оқымайтын кітап сияқтылардың керегі жоқ, кәдімгі руханиятқа қызмет қылатын кітаптар болу керек. Әне, адамды сол ұшпаққа шығарады», деп отырушы еді. Бізді де жас демей, сен кімсің өзі демей, өзі айтқандай өмірдің сабақтарынан сыр шерте отырып жиі әңгімелесуші еді жарықтық. Мұның бәрі де менің өмірімдегі ұмытылмас кездер еді.
Несіпбек ағаны жақын таныған сол жылдарда ешкімді жамандағанын көрмеппін. Бірақ, не болса соны жазып, айтып жүретін, көрінген жерге жөнсіз килігіп жүретін, өзін-өзі көрсетіп қалғысы келгендерді ұнатпайтын мінезі бар еді. Жастарды да сондайдан сақтандырып жүретін. Басшыларға да өзінің емес, өзгенің шаруасын көп айтатын. Оны талай рет көрдік.
Несіпбек аға туралы көп айтуға болады. Күн өткен сайын ол кісінің жоқтығы білінеді, орыны ойсырап тұр. Қазақстанның қай қиырынан қараған адамға төбесі таудай болып көрініп тұрушы еді. Ішкі мәдениеті биік, өзін-өзі қай тұрғыдан да сыйлай білетін, ал, жазуға келгенде өзін де аямайтын парасатты тұлға енді арамызда жоқ. Біз Несіпбек Дәутайұлын талай сағынамыз әлі…
Жатқан жеріңіз жарық, жаныңыз жұмақ төрінде болсын деп тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.