Біз мемлекеттік аппаратты жаңарту үдерісін бастадық – Тоқаев

112

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Республикалық қоғамдық штабқа барды деп хабарлады turkystan.kz.

Қазақстанда жаңа саяси оқиғалар болып жатыр.  

Биыл 20 қарашада Президент сайлауы өтеді. 

Ең алдымен, маған сенім артып, сайлауға кандидат ретінде ұсынған халықтық коалицияға алғысымды айтамын. 

Маған Парламенттегі саяси партиялар және түрлі саладағы қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетті. 

Еліміздің түкпір-түкпірінен ел ағалары, еңбек адамдары, жастар хат жолдап, тілектерін білдіріп жатыр.  

Бұл – мен үшін зор мәртебе.

Үш жарым жыл ішінде еліміз көптеген қиындықты бастан өткерді. Соған қарамастан, біз барлық салада ауқымды реформалар жүргіздік. Саяси реформаның бірнеше топтамасын жүзеге асырдық. Ата заңға маңызды өзгерістер енгіздік.

Маусым айында өткен референдум жұрттың тың бастамаларды қолдайтынын көрсетті. Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. Біз еліміздегі тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жоюға кірістік. Барлық салада шынайы бәсеке болуы үшін әділ ережелер орнығуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Елдік мәселелерді бірлесіп талқылау үшін Ұлттық құрылтай құрылды.

Адам құқықтарын қорғау жүйесін айтарлықтай нығайттық. Сот саласын реформалауға кірістік. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды басты міндет ретінде белгіледік. Мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа да әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын көтердік. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін нақты шараларды қолға алдық. 

Жалпы, қоғамымызда оң өзгерістер басталды. Оның бәрі әрбір азаматтың табанды еңбегі, нағыз отаншылдығЫ және жасампаз ұстанымы арқасында мүмкін болды. 

Осы сәтте мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс әлі көп.

Бүгінде Қазақстан әлемдік нарықта болып жатқан дағдарысты, жаһандық азық-түлік инфляциясын, халықаралық қатынастардағы күрделі ахуалдың ықпалын сезініп отыр. Сондықтан, реформаларды міндетті түрде жалғастыру керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.