Биыл Жамбыл облысының 163 елді мекені 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етіледі

114
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету, байланыс сапасын арттыру мәселелері қаралды.

Басқосуда баяндама жасаған цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабековтің айтуынша, Жамбыл облысындағы 371 елді мекеннің 183-і талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған.

Аймақ басшысы аудандық әкімдіктермен, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, шалғай ауылдарды оптикалық-талшықты байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін зерделеуді тапсырды.

Облыстағы 258 елді мекен төмен жылдамдықты (2G/3G) интернетпен, 112 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін тағы 163 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда 11 елді мекен мобильді интернетпен мүлде қамтылмаған (Шу ауданында – Алайғыр, Құлақшын ауылдары, Сарысу ауданында – Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл, Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала, Шағалалы, Ақтам, Меркі ауданында – Құмарық, Мойынқұмда – Ұланбел ауылдары).

Облыс әкімі басқарма басшысы мен ұялы байланыс операторлары өкілдерінің осы 11 елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы жауаптарын тыңдады.

Нұржан Нұржігітов жұмыстарды уақытылы аяқтауды жүктеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің алдымызда цифрлық теңсіздікті жою, облыстың барлық тұрғындарының интернетке барынша қол жетімділігін және сапалы байланысын қамтамасыз ету міндеті тұр. Байланысты жақсарту, интернет жылдамдығын арттыру шараларын жүйелі түрде қолға алу маңызды, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.