Байзақ ауданында құрылыс көлемі 43 пайызға артқан

625

Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің өткен тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы уақыттың міндеттері қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша  экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков  баяндамасында ауданның  өткен тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына  төрт бағыт бойынша талдау жасалынғандығын атап өтті.

Жалпы өткен жылмен салыстырғанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. Өнеркәсіпте есепті мерзімде 2,2 млрд. теңгеге жуық өнім өндіріліп, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 23,3 млрд. теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға артқан. Сондай — ақ, мал басын сақтау, мал өнімдерін өндіруде және өсімдік саласында да жалпы оң динамика бар. Құрылыс көлемі 43,8 пайызға, инвестиция көлемі 33,4 пайызға, тұрғын үй аумағы 6,5 пайызға, бөлшек сауда 81,8 пайызға артқан. Дегенмен, ауданда — жұмыртқа өндіру 70,1 пайызға, ауылшаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,7 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар, облыс әкімі мен аудан және қала әкімдерінің арасындағы келісімдерге енгізілген 25 индикатордың 15-і бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысында үш межеге, облыс әкімдігінің басқармалары мен аудан және қала әкімдерінің арасында келісімдерге енгізілген 98 индикатордың 74-і бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысында бір межеге қол жеткізілмегендігі, сол сияқты аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдері арасындағы келісімдерде белгіленген межелерге қол жеткізу барысы әр ауылдық округ бойынша атап көрсетілді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков хабарлама жасады.

Аудан басшысы Рахматілдә Сегізбайұлы өткен тоғыз айда атқарылған жұмыстарға талдау жасай келе, қол жеткізілмеген межелер  бойынша бөлім басшылары мен округ әкімдерін көтеріп, сын тезіне алды. Жыл аяқталуға аз ғана мерзім қалғандықтан, бұл көрсеткішті одан әрі жоғарылату керек екендігін баса айтып, сала басшылары мен округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерден кейін өңір  басшысы Рахматілдә Рахманбердиев бөлінген қаржыны тиянақты игеру, елдімекендер тазалығын сақтау, сүдігер көтеруді жандандыру, алдағы жылы егілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жер көлемін анықтау сынды мәселелерді  пысықтап, бұл бағыттағы жұмыстарды ширату қажеттігін баса айтты.

Мәжіліс соңында қаралған мәселелер  бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Гүлшахар Әбдіқұлова

Leave A Reply

Your email address will not be published.