Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бродкастинг залында қала әкімі Қ.Досаевтың ардагерлермен кездесуі ұйымдастырылды. Кездесуге облыстық, қалалық ардагерлер Кеңесінің және облыстық, қалалық Қоғамдық Кеңестің мүшелері қатысты.
Жиын барысында сөйлеген сөзінде Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев зиялы қауым өкілдері мен ардагерлердің халықты ынтымақ пен бірлікке үндеп, дұрыс жол сілтеп, өңірдің дамуына қосар үлесі зор екеніне тоқталды.
– Қаланың тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы Сіздерді үнемі толғандырып, түйіткілді мәселелер өздеріңіздің қатысуларыңызбен шешімін тауып жататындығы айқын.
Өздеріңіздің қолдауларыңызбен қалада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Сіздерді осы игі бастамалармен таныстырып және жоспарланып отырған жобалар туралы пікір алмасуды жөн көрдік.
Жамбыл облысының 80 жылдығына орай пайдалануға берілетін «Шахристан» тарихи кешені бой көтеруде.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың идеясымен «Шахристан» сауда орнын тиімді пайдалану жоспары өткен жылдың маусым айында қолға алынды, – деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар, Қайрат Әскербекұлы кешенде өлкетану мұражайы, көрме павильоны, «Руханият» орталығы, көркемдік бейнелеу өнерінің галереясы, қолөнер шеберлерінің галереясы,«Ретро-фестиваль» амфитеатры бой көтеретінін айтып, бүгінгі күні кешеннің құрылысын «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі ауысымда қарқынды жүргізіп жатқанын жеткізді.
Бұдан бөлек, аталған нысандармен қатар, этно-тарихи кешеннің абаттандыруы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстарын іске асыру ағымдағы жылы жоспарланған екен. Қаланы көркейту жұмыстарын жалғастыру мақсатында, осы жылы Төле би даңғылы бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы (арбат) және «Мамыр» саябағын абаттандыру мен «Көне-Тараз» кешенінің маңында биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стелласы орнатыламақ.
Жиында Қ. Досаев қаладағы жүріп жатқан құрылыс жұмыстары мен инфрақұрылым тарту ісі жайында да молынан ақпар берді.
А. Есіркепов